Маңғыстау жол дистанциясына – 60 жыл
Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші
Түбекке теміржол желісі тартыла бастаған өткен ғасырдың екінші жартысында ең алдымен Мақат – Маңғышлақ теміржолы пайдалануға берілді. Жаңа жолдың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 1966 жылы Маңғышлақ жол дистанциясы құрылды.
Биыл дистанцияның іргетасы қаланғанына – алпыс жыл. Осынау жарты ғасырдан көп уақыт ішінде дистанцияның ауқымы еселеп өсті. Мақаттан Маңғышлаққа жеткен жол әрі қарай созылып, Шетпе – Маңғыстау, Маңғыстау – Өзен, Өзен – Болашақ, Боржақты – Ерсай – Құрық болып кешеге дейін жалғасты. Бүгінде дистанция иелігіндегі жолдың жалпы ұзындығы 557,1 км, оның ішінде бас жолдар 540,3 км, негізгі станциялық жолдар – 151,1км. Кірме жолдар ұзындығы 16,8 км, 421 жиынтық бағыттама бұрмасы, 34 теміржол өткелдері мен 68 көпір бар. Міне, осындай ауқымды шаруашылыққа Қуанышқали Есжанов басшылық ететін Маңғыстау жол дистанциясы қызмет көрсетеді.
– Алпыс жыл – аз уақыт емес. Кеше теміржолды салған аға буынның ерлігі мен бүгін сол жолды абыроймен жалғап келе жатқан жандардың табан ақы, маңдай терінің өлшемі. Маңғыстау темір жолы тәуелсіздік жылдары жаңа даму кезеңіне көтерілді. 2009 жылы Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы теміржолының құрылысы аяқталып, тарихи жоба Қазақстанды Парсы шығанағы елдерімен байланыстырып, халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігіне айналды. Көп ұзамай өндірістік және теңіз логистикасын дамыту мақсатында Боржақты – Ерсай теміржол желісі салынды. Ұзындығы небәрі 16 шақырым болатын бұл желі бұрынғы бағытты ондаған шақырымға қысқартып, жүк тасымалының уақытын және шығынын бірнеше есеге азайтты. Сонымен бірге Боржақты және Ерсай станциялары салынып, жаңа көлік инфрақұрылымы қалыптасты. Осы ірі жобалардың заңды жалғасы ретінде Каспий теңізінің жағалауында заманауи Құрық порты бой көтерді. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқан бұл алып жоба Қазақстанның транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Құрық порты арқылы жүктер Әзербайжанға, Грузияға, Түркияға, одан әрі Еуропа елдеріне жөнелтіле бастады. Қазақстан Ұлы Жібек жолының заманауи жалғасына айналып, Еуропа мен Азияны жалғайтын халықаралық көлік дәлізіндегі орнын нығайтты. Құрық портын теміржол магистралімен байланыстыратын Боржақты – Ерсай желісі Маңғыстау теміржолының мүмкіндігін бұрынғыдан да кеңітіп, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін берді.
Міне, осындай тоғыз жолдың торабына айналған өлке теміржолына қызмет көрсететін Маңғыстау жол дистанциясы бүгінде заманауи техникамен жарақтанған, тәжірибелі мамандары бар, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іргелі өндірістік ұжым. Мұнда ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен жас буынның жаңашыл көзқарасы үйлесім тауып, теміржол дәстүрі лайықты жалғасуда, – дейді дистанция басшысы.
Тарихқа шолу жасасақ, КСРО Қатынас жолдары министрінің бұйрығымен Маңғышлақ дистанциясы құрылғанда оның алғашқы бастығы болып бұрын Байқоңыр теміржолында жұмыс істеген жол маманы Сағынай Қошқарбаев тағайындалған. Орынбасары Кәрім Елғондиев, бас есепші Николай Неваленый, кадр бөлімінің бастығы Есберген Ерпанов сынды азаматтар жаңадан құрылған теміржол ұжымын ұйымдастыруда белсенді рөл атқарған. Әсіресе алғашқы жылдары қатты туындаған кадр тапшылығы Түркіменстаннан келген мамандар мен Ташкент, Новосибирск оқу орындарының түлектерін тиімді шарттармен шақыру арқылы шешімін тапқан. 1968-1975 жылдар аралығында мекеме өз кадрларын даярлауға көшкен. Жастар Ташкент, Ақтөбе, Алматы, Гурьев теміржол техникумдарына оқуға жіберіліп, кадр мәселесі біртіндеп шешіле бастаған.
Мекеменің қалыптасып, дамуында Аңғарбаев, Зеленов, Антошкин, Қызылғұлов, Құрманқұлов сынды жолшылар, Жұмабаев, Шериков, Жұмағазиев, Сақыпов, Шамшадинов, Уәзір, Әбдірахманов, Оразалиев, Борашов, Елғондиев, Сереватный, т.б. жоғары білімді жас мамандардың үлесін ерекше атап өтуге болады.
1986 жылы дистанция басшылығына тағайындалған Қожахмет Уәзір бүгінде түбекке танымал ардагер теміржолшы. Сол жылдары кезінде асығыстықпен және пойыздарды өткізу деңгейі сол кездегі уақыт талабымен салынған Р-43 рельстерін жаңарту қажеттігін көтеріле бастаған. Оның үстіне жолды жобалау кезінде түбектің климаты құрғақ аймақ ретінде бағаланып, жол үстіндегі көпірлер мен суағарлардың кем есептелгені, көбі қажетті жерге қойылмағаны да белгілі болды. Осы мәселелер кезең-кезеңімен қарастырылып, 1987-88 жылдары шешіле бастады, бекеттер аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
1995 жыл маңғыстаулық теміржолшылар үшін қиын жыл болды. Каспий теңізінің деңгейі кенет көтеріліп, темір жолға қауіп төнді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бар күш шоғырландырылып, ұзындығы 5 шақырымдық бөгет салынып, су басудың алдын алу үшін орасан зор ауқымды жұмыстар жасалған. Осы жұмыстың бәрін ұйымдастырып, басы-қасында дистанция бастығы Қожахмет Уәзір жүрді.
Кейінгі жылдарға көз жүгіртсек, жолдар бірте-бірте сапасы жақсарып, рельстер Р-65 ауыр рельстерге ауыстырылған. Бұрын әр шақырымға 1600 шпал жатқызылған болса, ол эпюрасына 1840 данаға жеткізілді. 2007 жылы бекеттерде пойыздардың өткізу қабілетін арттыру бағытында қосымша жол құрылыстары салынып, 2014 жылы құрылымдық өзгерістерге байланысты дистанция Ірілендірілген жол дистанциясы болып қайта ұйымдастырылды. Жаңартылған құрылым құрамына 6 телім, 24 желілік учаске болған. Ірілендіру нәтижесінде теміржол инфрақұрылымын күтіп ұстау, жолдың техникалық жай-күйін жақсарту, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік көрсеткіштерді арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған.
Ал 2017-2018 жылдар аралығы инфрақұрылымды кеңейту мен жаңғырту жұмыстарының қарқынды жүргізілуімен ерекшеленеді. Боржақты – Ерсай желісі мен Ерсай – Құрық бағытында кірме жол салынып, өңірдің теміржол қатынасы арта түсті. Осылайша, жылдар өткен сайын дистанцияның қызмет көрсету аумағы да ұлғайып, құрылымы нығая берді.
Қожахмет Уәзірден соң дистанцияға марқұм Бекберген Құрбанов басшы болып тағайындалып, он жылдан астам басқарды. Дистанцияның дамуы жолында бар күш-жігерін сарп етіп, көп еңбегі сіңген. Оның басшылығымен ірі жобалар жүзеге асырылып, тиімді бастамалар қолға алынған. Дистанцияға сондай-ақ еңбек жолын осы мекемеде қарапайым жол монтері болып бастап, түрлі қызмет сатысынан көтерілген Жарылғап Дүйсенбай да өз қолтаңбасын қалдырды. Дистанцияны 3-4 жыл басқарған ол теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асырған.
Бүгін міне 60 жылдық белесті бағындырып отырған жолшылар мекемесі өзінің осындай жарқын беттерімен, еңбек адамдарымен мақтанады.