Аты аңызға айналған теміржолшы еді...

Әлеумет
18.08.2016, 12:47
Оқуға 3 мин
 Қазақ темір жолының тарихы тағылымға толы. Күні кеше осы салада жанқиярлықпен  еңбек етіп, шойын жолды бүгінгі буынға аманаттаған алдыңғы буынға қашанда құрмет зор. Семей өңірінің теміржолшылары үшін өмірі мен еңбек жолы аңызға айналған сондай даңқты тұлғалардың бірі Қапсидар Омаров десек қателеспейміз. Артында өшпестей із қалдырған теміржолшының  туғанына биыл 100 жыл. Міне, осынау айтулы датаға орай Семей бөлімшесіндегі  «Түрксіб – Семей» мұражайында тарлан теміржолшыны еске алуға арналған салтанатты шара  болып өтті. Жергілікті ұлт өкілінен шыққан алғашқы саласы басшыларының бірі де бірегейі болған Қапсидар Омаров ол жылдары қазақтың қара домалақтары көп жолай бермейтін сигнализация, белгі беру-байлнаыс саласын таңдаған екен. Таңдап қана қоймай, осы салаға талай қарадомалақтарды тартып, баулып өсірген. Оның тәрбиесін көрген, тәлімін терген теміржолшылардың көпшілігі кейін аталмыш саланың майталмандарына, білікті басшыларына айналды. Бұл жайында Қапсидар Омаровтың еңбек жолына шолу жасаған  мұражай басшысы Мақсұт Көшжанов жан-жақты мағлұмат берді. Ардагердің өзі де заманында даңқты тұлғаның қол астында қызмет етіп,  шарапатын  көріп, қамқорлығын сезінген екен, сондықтан ұлы ұстаз санайтын жан туралы тебірене естелік айтты. Сонау соғыс жылдарында қазақтан шыққан тұңғыш Семей белгі беру және байланыс дистанциясының директоры Қапсидар Омаровтың еңбек жолы ерлікке пара-пар жанқиярлыққа толы болғаны байқалады. Атап айтқанда, тұлғаның  Түрксіб теміржолындағы байланыс саласын автоматтандыруға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Соның бір айғағы, 1964 жылы Мәскеуде өткен көрмеде өндірістегі өнертапқыштығы үшін қола медаль иеленген. Жиында сөз алған Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Талғат Еспанов ардагердің бүгінгі шәкірттері жайында сөз қозғады.  Теміржолшылар арасында ШЧ-да қызмет атқаратын мамандарды «Теміржол интеллигенциясы» деп атау қалыптасқан. Әрине, ол қызметтің күрделілігіне байланысты аталса керек. Ол заманда бұл қызметке біздің ұлттың өкілдерін «қолдарынан келмейді» деп көп жібере бермейді екен. Бұл қасаң қағиданы алғаш болып бұзған Қапсидар Омаров болды. Сөйтіп, Қазақстан бойынша тұңғыш рет қазақтан шыққан байланыс саласының басшысы атанды. Сонымен қатар,  Қапсидар ағамыз осынау қызметке лайықтап тұтас буынды тәрбиелеп кетті. Мәселен, кейіннен байланыс саласына басшылыққа келген Айткен Белгібайұлы бастаған бір топ жаңа толқын қалыптасты. Ал бүгінгі Семей белгі беру және байланыс дистанциясының жас басшысы Бейбіт Түменғали да, оның әкесі мен ағалары да дара тұлғаның ізін жалғастырып, осы салада еңбек етіп жатқан жандар.  Қорыта айтқанда, Қапсидар Омаров  темір жол саласының СОБ, сигнализация және байланыс саласында ұлттық кадрлардың  тұтас бір мектебін қалыптастырып кеткен дара тұлға болды, – деді Талғат Жұманұлы.     Шарада Қапсидар Омарұлымен 1950 жылдары бірге еңбек еткен, Семей белгі беру және байланыс дистанциясының аға инженері болған, бүгінде жасы тоқсаннан асқан қарт ардагер Дмитрий Литвиненко да сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Бүгінде сағынышқа айналған әріптестің жұмыс істеу тәртібі, жастарға жасаған қамқорлығы жайында ой өрбітті. «Өкініштісі,  бергенінен берері көп Қапсидар Омарұлының өмірі тым қысқа болды. Ол 1967 жылы кенеттен дүние салмағанда әлі де көп іс тындыратын еді...», деді ардагер.   Басқосуға сонау Мәскеу қаласында тұратын Қапсидар Омарұлының қызы арнайы шақырылыпты. Әкесі жайында естеліктерімен бөліскен Әлия  Қапсидарқызы  осынау тағылымды іске ұйытқы болған Семей темір жолы басшыларына, мұражай ұжымына алғысын білдірді.

 Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей

Жүк тасымалы
09.10.2026
Теміржол көлігімен экспорттық тасымалдар көлемі 7,1%-ға артты
Жаңалықтар
09.10.2026
Атырау филиалы «ҚТЖ» жүйесіндегі үздік әскерилендірілген теміржол күзеті деп танылды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Орта дәлізде жүк ағыны артты: сегіз айда 44,2 мың контейнер тасымалданды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ желісімен 77 млн тоннадан астам көмір тасымалданды
Жүк тасымалы
09.10.2026
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» 40 жылдан астам еңбек еткен 12 теміржолшыны марапаттады
Цифрландыру
09.10.2026
ҚТЖ теміржол саласын цифрландыру арқылы тасымал тиімділігін арттырмақ
Жаңалықтар
09.10.2026
Кәсіподақтың араласуымен теміржолшылардың әлеуметтік мәселелері шешілуде
Инфрақұрылым
09.10.2026
Атырау теміржолында 29,7 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті
Аймақтар
09.10.2026
Теміржол қауіпсіздігін арттырған рационализаторлық жобалар
Аймақтар
09.10.2026
Семей теміржолында ауыз су мәселесі толық шешілді
Жаңалықтар
09.10.2026
ALT университетінің студенттері ҚТЖ нысандарында геодезиялық тәжірибеден өтті
Жаңалықтар
09.10.2026
Арменияда теміржолшылар кәсіподақтарының халықаралық кеңесі өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
09.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №80 09 қазан 2026 жыл
Әлемде
08.10.2026
Alstom Вьетнамда метро пойыздарын шығара бастайды
Аймақтар
08.10.2026
Үздік станция кезекшісі зейнетке шықты
Спорт
08.10.2026
Желаяқ теміржолшының жаңа жеңісі
Жаңалықтар
08.10.2026
ҚТЖ темір жол маңында мал жайғаны үшін айыппұлдарды қатаңдатуға бастамашылық етеді
Жаңалықтар
08.10.2026
Қараусыз мал пойыздардың шұғыл тежелуіне себеп болып жатыр
Станция тынысы
07.10.2026
Ғасырдан асқан Шиелі вокзалы: кеше және бүгін
Әлемде
07.10.2026
Түркияда сағатына 250 км жүретін жаңа пойыздардың өндірісі басталды