Семейдегі жолаушы тасымалы қызметінде кәсіби қызметтен көрген-түйгендері көп тәжірибелі мамандар қатары жетерлік. Солардың бірі, ағымдағы жылы теміржол саласына қызметке келгеніне тұп-тура 40 жыл толған Гүлзира Берікболова. Жалпы, Берікболовтар династиясы тек Шығысқа ғана емес, күллі республикаға танымал десек артық айтқандық емес. Әйгілі әулеттің алдыңғы толқын өкілі саналатын Гүлзира апай билет кассирі қызметінен еңбек демалысына шықса да сүйікті кәсібінен әлі де қол үзген жоқ. Тіршілігі қым-қуыт еңбек ордасының әр күні көңілді. Шартараптан ағылатын, сан алуан тағдырлар сапырылысатын вокзал басы Гүлзира Берікболованың екінші үйі тәрізді. Осында түрлі оқиғаларға куә болды. Қайбір жылдары жолаушылар орындығына қалдырылып кеткен тастанды сәбиді өз қолымен құндақтап дәрігерлерге табыстады. Енді бірде түрмедегі ұлын бір көріп кетуге оңтүстіктен келген, әмиянын ұрлатқан кейуанаға жәрдемдесіп үйіне апарып қондырды. Құжаттарын жоғалтқан шетелдіктерге көмектесіп, рәсімдеуге атсалысты. Жолдан қалып бара жатқан асығыс жандарға билет әперуге жәрдемдесті. Сондықтан болар әріптестері Гүлзира апайды «Семей вокзалының акушері» дейді әзілдеп. Акушер демекші, ол кісінің кезекшілігінде әйелдердің пойызда босану оқиғалары жиі тіркеледі екен. Бір қызығы, мұндай жайттардың барлығы тек шекара асатын, өзбек, қырғыз, ресейлік жылжымалы құрамдарда ғана орын алатыны таң қалдырады. -Шекара асатын әйелдер жол үстінде босанса өзіндік қтындық кедергілері бар. Себебі, құжаты жоқ нәрестені елден ары өткізбейді. Сондықтан, қалада алып қалып, жеке бас куәлігін рәсімдеуге де ұжым болып атсалысамыз, - дейді Гүлзира Мырзағалиқызы.Десекте, тәжірибелі маманның кеңесі жаңа толқын мамандар үшін ақылдың кені. Бүгінде өздерін Гүлзира Мырзағалиқызының шәкірті санайтын бір толқын бар.