Ерман Әбдиев, Жамбыл
Перрондар ретке келтірілді
2 мин чтения
Жамбыл магистральді желі бөлімшесіне қарасты жеті вокзал бар. Оның екеуі бірінші санатты – Жамбыл және Шу вокзалдары, үшінші санатты вокзалдар – Сарышаған, Луговой және халық көп шоғырланған аймақтардағы шағын бекеттер – Жаңатас, Қаратау, Шығанақ бекеттері.
Бүгінгі күні аталған вокзалдардың барлығы толық дерлік Жамбыл магистральді желі бөлімшесінің балансына өткен. Вокзалдардың жөндеуі, қас бетінің және ішінің эстетикалық тұрғыдан тартымдылығы, қауіпсіздік, қысқы және жазғы маусымға дайындығы бөлімше қадағалауымен жүзеге асырылуда.
-Ең алдымен перондарды ретке келтіруді қолға алдық. Бұған дейін вокзал перондарында жабайы сауда жасаушылар легі жолаушыларға ыңғайсыздық туғызып және осында орналасқан сауда нүктелері де әр қалай орналасып, бірізділік болмаған еді. Сондықтан, арнайы комиссия жасақталып, кәсіпкерлердің ұсыныстары талқыланды. Жалпы, біздің басшылыққа алып отырған басты қағидамыз – ұлттық компания тарапынан дайындалған темір жол вокзалдары шаруашылығын дамыту жөніндегі тұжырымдама. Біз осыған сүйеніп, жұмысты жүргізіп отырмыз. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы арнайы талаптар бойынша жүргізіліп, вокзал аумағында қызмет көрсететін кәсіпкерлерге байқау ұйымдастырылды. Ал жеңімпаздарды анықтауда «Нұр Отан», «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтағы өкілдері және қала әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің мамандары тартылды. Қазіргі күні Жамбыл және Шу вокзалдарындағы сауда нүктелері перонның бір жағына шығарылып, ықшамдап орналастырылды. Бұл пойыздардан түскен жолаушыларға ыңғайсыздық тудырмайды. Және арба сүйретіп жабайы сауда жасаушылар санитарлық талаптарды ескермегендіктен шеттетілді,- дейді Жамбыл магистральді желі бөлімшесі директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Бейбіт Садықбеков.