Шахида Жұман
Қосымша пойыздар сенімді ақтады
2 мин чтения
Маңғыстауда жарты жылда жолаушылар тасымалы 7 пайызға, сегіз айда 9 пайызға артқан. Яғни, өткен жылдың алты айында түбектен 278 мың 355, сегіз айда 381 мың 976 жолаушы темір жол көлігін пайдаланса, биыл бұл сәйкесінше 297 мың 290 және 416 мың 548 адамды құраған.
Жолаушылар санының артуы, әрине «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен байланысты. Көрме өткен маусым, шілде, тамыз айларында Елордаға қатынайтын №37/38 пойызына 33 мың 859 билет сатылған немесе өткен жылғы салыстырмалы мерзімнен 3 мың 449-ға артық. Сондай-ақ, №237/238 пойызымен жаз айларында 22 мың 565,Тальгомен 8 мың 736 жолаушы жөнелтілген. Жалпы жаз бойы аталған темір жол көліктерін 65 мың 160 адам пайдаланған. 2372 адам ЭКСПО көрмесінің билеттерін темір жол кассаларынан сатып алған.
– Осы жылы ЭКСПО -2017 көрмесіне орай Астанаға жаңа бағыттар ашылып, соған сай жолаушылар қозғалысы да арта түсті. №37/38 пойызы бұрын 15 вагоннан 3 құраммен қатынаса, биыл тақ күндері 19 вагоннан, ал №237/238 пойыз жұп күндері 13 вагоннан 3 құраммен жүрді. Тальго айына 8 рейстен ұйымдастырылды. Сонымен жазғы тоқсанда Астана бағытына шығарылған вагондар саны 2064 болды, ал өткен жылы ол небәрі 675 еді, демек, қосымша ұйымдастырылған пойыздар сенімді толық ақтады, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Маңғыстау телімінің бастығы Мұратбай Көпенов.
М.Көпеновтың айтуынша, ЭКСПО-ның аяқталу уакыты таяп қалуына байланысты 6 қыркүйек күні Тальго пойызының соңғы рейсі түбектен жөнелтіліпті. Ал №237/238 пойызы 10 қыркүйекке дейін жүретін болады. Одан кейін бұл бағытта тек №37/38 фирмалық пойыз қалады.