Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттыруда айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп отыр. Мысалы, былтыр жүк тасымалынан түскен табыс 40 млрд 437 млн теңгеден асып жығылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылы 25 млрд теңгеден сәл ғана асқан болатын. Демек, қаржылық өсім көрсеткіші 162 пайызға жетіп отыр.

Бөлімше директорының уақытша міндетін атқарушы Дүйсенбек Сыдықовтың айтуынша, теміржолшылар табыс деңгейін көтеру үшін жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға ықпал етіп жүрген негізгі жүк жөнелтушілермен бірлесе еңбек еткен. Сондай-ақ Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қатысуымен кездесу-семинарлар ұйымдастырып, жаңа жүк жөнелтушілерді тартуға қол жеткізген.

«Бұл шара өзінің нәтижесін бергенін атап өткім келеді. Жалпы, өткен жылы бөлімше 16 пайдалану көрсеткішінің үшеуін ғана толық орындады дегенмен, бұл шаруаның шатқаяқтағанын білдірмейді. Кейбір индикаторлардың 100 пайызға жетпеуінің нақты себептері бар», – деп түсіндірді Дүйсенбек Тұрсынбайұлы.

Оның сөзінен белгілі болғаны, жүк айналымы, статистикалық жүктеме, жүк тиелген вагондардың толықтығы жоспары толық межесіне жетсе, тиеу, вагонның өнімділігі, вагонның жүрісі, динамикалық жүктеме, пойыздың салмағы, жұмыс вагонының айналымы, жергілікті вагонның айналымы, бір жүк түсіру-тиеу операциясында тұруы, техникалық станцияда тұрып қалу, учаскелік жылдамдық, техникалық жылдамдық, локомотивтің өнімділігі және жүрісі сияқты міндеттемелер межеге аз-кем жетпей қалған.

«Контейнерлік және жеңіл салмақты пойыздардың ұлғаюынан динамикалық жүктеме жеткілікті деңгейде болмады. Жүк түсіру-тиеу операциясының тұрып қалуы жергілікті жүктің уақытылы тасымалданбауынан орын алды. Техникалық жылдамдықтың межеге жетпеуіне учаскелерде пойыздар қозғалысының жылдамдығын шектеу туралы ескертулер себеп. Локомотивтің орташа тәуліктік жүрісі және өнімділігі айналым пункттерінде тоқтап қалудың ұлғаюына, сондай-ақ аралық станцияларда тоқтап қалудың көбеюіне байланысты төмендеді», – деп түсіндірді мұның сырын Д.Сыдықов.

Өткен жылы орын алған олқылықтар есесін биыл қайтаруды көздеп отырған аймақ теміржолшылары табыс деңгейін арттыра түсуді көздейді.