2025 жылы Орталық Азия елдері мен Қытай арасында теміржол және автомобиль көлігі арқылы 51 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) жаңа зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Оның ішінде 35,6 млн тоннасы теміржол көлігіне, тағы 15,4 млн тоннасы автомобиль тасымалына тиесілі. Ал 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында өңір мен Қытай арасындағы жүк ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 8 пайызға артқан, деп жазды logistan.info сайты.

Жүк тасымалының негізгі бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Зерттеу деректеріне сәйкес, Орталық Азия мен Қытай арасындағы тасымалдардың шамамен 84 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді. Қазіргі уақытта барлық теміржол жүгі Қазақстан мен Қытай арасындағы Достық және Алтынкөл шекаралық өткелдері арқылы өтеді.

Сонымен қатар соңғы жылдары автомобиль тасымалы теміржолға қарағанда жылдамырақ өсіп келеді. Мәселен, 2025 жылы Қытай мен Өзбекстан арасындағы Қырғызстан арқылы өтетін автомобиль жүк тасымалының көлемі 1,8 млн тоннаға жеткен. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 50 еседен астам жоғары.

Мұндай тасымалдардың басым бөлігі мультимодальды схема бойынша жүзеге асырылады. Яғни жүк Қытай аумағында теміржолмен жеткізіліп, кейін автомобиль көлігіне қайта тиеледі.

ЕАДБ мәліметінше, Орталық Азияда Қытай компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан немесе жоспарланған 20-дан астам көлік жобасы бар. Олардың жалпы құны 12 млрд доллардан асады. Ал Қытай тарапынан берілген несие, грант және тікелей инвестициялар түріндегі қаржыландыру көлемі 7 млрд доллардан жоғары.

Ірі жобалардың қатарында Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолы, Аягөз–Бақты теміржол желісі және Құрық портындағы жаңа терминал кешені бар.

Орталық Азия арқылы өтетін Қытай–Еуропа–Қытай бағытындағы контейнерлік транзит те өсіп келеді. 2025 жылы оның көлемі 351 мың TEU-ден асып, оның ішінде 41 мыңнан астам TEU Орта дәлізге тиесілі болған.

Жалпы, 2020–2025 жылдары Қытайдың Орталық Азия елдерімен сауда көлемі үш есеге жуық өсіп, 23,5 млрд доллардан шамамен 70 млрд долларға дейін жеткен.

ЕАДБ бағалауынша, алдағы уақытта жүк тасымалының одан әрі өсуі жаңа теміржол желілерінің, шекаралық өткелдердің, автомобиль жолдарының және қойма инфрақұрылымының дамуына тікелей байланысты болады.