Кілтипаны көп кірме жолдар...
Атырау облысы бойынша меншікті тілші
«ҚТЖ-ЖТ» ЖШС «Батыс» филиалына қарасты Атырау қосалқы бөлімінде кірме жолдар мәселесі ушығып тұр. Бүгінде облыс бойынша 200-дей жан-жаққа тармақталған кірме жол тіркелген, соның 169-ы тұрақты жұмыс жасап тұр. Олардың көпшілігі жеке кәсіпкерлердің иелігінде.
Былтыр кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін бұзу бойынша 6 жағдай тіркелген. Осы және басқа да кірме жолдар кілтипаны жайында Атырау қосалқы бөлімінде олардың иелерімен болған кездесу жиынында айтылды. Қауіпсіздік бөлімінің бастығы Фарида Қазжанованың баяндауынша, 137 негізгі меншік нысандары «Батыс» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Өткен жылы 6 оқиға орын алса, алдыңғы жылы жылжымалы құрамның соқтығысуы мен жүк вагондарының рельстен шығып кетуінің 10 дерегі тіркеліпті. Кірме жолдарды күтіп ұстау оның иелерінің міндеті саналса да, оған бас қатырып, балтыры сыздап отырған ешкім жоқ. Қарабатан станциясымен шектесетін «НКОК» компаниясының кірме жолында наурыз айында бір вагон мен тепловоз жолдан шығып кеткен. Сондай-ақ Индер-Мақат учаскесінде 6 вагон, Махамбет станциясымен шектесетін «Атырауинжстрой» кірме жолында 2 вагон, Ақжайық станциясымен шектесіп жатқан «Сулейменова» кірме жолында 2 вагон, «Promgaz BP» жолында 1 тепловоз, «АтырауБетонСнаб» жолында 3 вагон жолдан шығып кеткен. Локомотившілер мұндайдан тепловоз бұзылып, шығынға батып жатқанын, ал вагоншылар вагондар зардап шегіп жатқанын алға тартады. Станция басшылары вагонның жолдан шығып кетуі станция жұмысына кедергі келтіреді деп дабыл қағуда.
Көп жағдайда вагондар кірме жолдардан шығып, станцияға келгенде ақаулы екені анықталады екен: дәнекерлеген жері шығып кеткен, есіктері бүлінген, вагон доңғалағының буксы теріс айналып кеткен, вагон шанақтары соғылған, т.б. ақаулар. Ал жүк жөнелтушілер кірме жолдардың сапасына, вагонның ақаулығына салдыр-салақ қарайды, олар үшін ең бастысы жүктерін тиеп жөнелту. «Теміржолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған тиісті заңдылықтар бар. Оны сақтау, теміржолдарды жөндеу, күтіп ұстау маңызды. Өйткені осындай олқылықтар адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіреді. Дегенмен, көптеген кәсіпкерлер қаржының тапшылығын сылтау етіп, мәселеге жеткілікті көңіл бөлмейді» дейді қосалқы бөлім бастығының логистика жөніндегі орынбасары Бекәділ Сауров. Рельстен шығып кеткен бір вагонның доңғалағын орнына қоюға 280 мың теңге қаражат кетеді екен. Ол шығынды кім өтейді? Сондай-ақ жиынға қатысушы кірме жол иелеріне биыл АЕК өскесін, айыппұл көлемі де өскені ескертілді.
– Темір жол тәулік бойына жұмыс атқаратын болғандықтан станцияға келген вагондар күні-түні кірме жолға беріледі, түнгі мезгілде жарықтандыру арқылы жүк түсіруді ұйымдастыру үшін кірме жолдардағы жарық мәселесі дұрыс болуы керек. Сондай-ақ қауіпсіздікті сақтау үшін қыс айларында жолдарды қардан тазалап, вагондарды беріп-алуға қиындық тудырмау қажет. Сіздерге айтар тағы бір мәселе, келісім-шарттың уақытында ұзартылуын қадағалаңыздар. Мысалы, жыл жаңа басталып жатыр, ал көпшілігіңіздің келісім-шарттарыңыз былтыр бітіп кеткен. Жүк тасымалы қағидасының 256-пунктіне сәйкес, жаңа келісім-шарт жасақтау жазбаша өтініш түскен күннен 3 ай мерзім ішінде қарастырылады. Сондықтан барлық кірме жол иелері нұсқаулықтар, келісім-шарттардың қолданылу мерзіміне назар аудараңыздар, – дейді Б.Сауров.
Күзетілмейтін, реттелмейтін өткелдерде жол-көлік оқиғасы да жиі тіркеледі. Өткен жылы 5 ЖКО болған, оның екеуі кірме жолда орын алған. Көлік иелерінің «Жол қозғалысы ережесін» сақтамауынан тепловоздың Камазбен, жеңіл көлікпен, автобус пен цементовозбен соғысуы қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отыр. Өткелдердің де сапасы сын көтермейді, асфальт ойдым-ойдым шұрық тесік, сондықтан машиналар не айналып өткісі келеді, не шұңқырға түседі, не батып қалады. Соған орай өткелдердің сапасын көтеру де тармақ жол иелеріне жүктелетіні айтылды. Сонымен қатар бәрі заң шеңберінде болуы қажет.
– Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты өз беттерінше жүздеген көлік қатынайтын жолға темір жол өткелін салып қойды. Бұл заңға қайшы әрекет. Әуелі күніне қанша көлік жүретініне мониторинг жасалуы, көлік саны шығарылуы, жолға сараптама жасалуы керек. Содан кейін құзырлы органдар заң шеңберінде оң шешім қабылдаса ғана өткел салуға рұқсат берілуі мүмкін. Ал өздігінен кез келген жерден өткел сала беруге болмайды. Сол себепті зауытқа өткелді алып тастауға нұсқама берілді, – дейді Атырау көлік инспекциясының бас маманы Ғаламат Қапанов.
Вагон сапасы бойынша да дау туындап жатады. Вагондар станцияға ақаумен келеді, сол себепті екі ортада келіспеушілік болады. Дау туындамас үшін вагонды қожайындары станцияда вагон қараушымен бірге қабылдап алуы керек. Кірме жолға келген вагонды ашпас бұрын әуелі мұқият қарау керек. Көбіне иелері асығыс ашып тастайды да, ақау барын кейін анықтап жатады. Ол үшін вагон құрылысын жақсы білген жөн. Вагон депосы мамандары өз тарапынан ниет етушілерге көрнекі түрде түсіндіру, көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Бүгінде теміржолдағы цифрландыру технологиясының дамуы сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді, қандай да бір лауазымды тұлғаға тәуелділік жоқ. Барлық құжаттамалар, келісім-шарт, алыс-беріс, жүк қабылдау-тапсыру құжаттары цифрлы түрде жүзеге асырылуы тиіс. Тасымал құжаттарын рәсімдеудің ашық түрде болуын қамтамасыз ету үшін жүк жөнелтушілер мен қабылдаушылардың құжатын рәсімдеу АСУ ДКР жүйесі бойынша жүзеге асырылады. Бүгінде өңірде 17 станция осы жүйеге қосылған. Бірте-бірте электронды жұмыс түріне көшуге басымдық беріліп келеді. Алайда, түсіруге келген вагондардың кірме жолдарда тұрып қалу проблемалары әле кездеседі: ауа-райының қолайсыздығы, кірме жол қожайыны локомотивінің жұмыс істемеуі, кран машиналарының істен шығуы, жүк жөнелту-қабылдаушылардың жұмыс уақытының сәйкес келмеуі, т.б. Мысалы, 10 вагон жүк келсе, ондағы жүкті тек екі адам түсіреді. Мұндайда адам санын көбейтіп, вагондарды тұрғызбаудың амалын қарастырған жөн дейді мамандар. Сол себепті кәсіпкерлер тиеу-түсіру жұмыстарын да алдын ала жоспарлап алуы керек.
– Кірме жолдардың сын көтермейтіндігінің бір себебі, ондағы жолдың тозуы, ағаш шпалдардың шіруі, кейбірінде тіпті баяғы Р-43 рельсі (бұл талапқа сәйкес келмейді) тұрғаны жасырын емес. Иелері темір жолды жөндеу кезінде арнайы мамандарды шақырмайды. Жолдарды тұрақты қадағаламайды. Біз үшін бастысы – адам және пойыздардың қауіпсіздігі. Алда көктем келе жатыр, соған сай күн жылынып, жер тоңы босаңсиды. Сондықтан жолдардың жағдайын талапқа сай ұстап, қауіпсіздікті сақтау бәрімізге сын, – деді жиынды қорытындылаған Атырау қосалқы бөлімінің бастығы Аслан Базарғалиев.