Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы мен Орталық Азияға және Кавказға жүк ағыны өтетін Алтынкөл станциясы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, әлемдік пандемияға қарамастан теміржол тасымалының көлемі артқан. Достық станциясынан кейін 2012 жылы ашылған екінші қазақстан-қытай теміржол өткелі Алтынкөлде жүк және контейнерлік пойыздар қабылданып, жөнелтіледі. Сондықтан станция стратегиялық нысандар қатарына жатады. Қытайдан келетін барлық вагондар осы жерде өңделеді. Станция бастығы Халел Байжігітовтің айтуынша, шекаралық станцияда жұмыс істеудің өз тәртібі бар. «Бізде жұмыс тәулік бойына ауысыммен жүргізіледі. Кей- біреулері вахталық әдіспен жұмыс істейді. Бірнеше адамды Қытайға жібердік. Пандемияға дейін олар сол жақта бес тәулік болып, қайта оралатын, ал қазір індетке байланысты жұмысшылардың сол жақта жарты жылдап қалуына тура келеді. Оның үстіне Қытайға барған соң жұмысқа кірісер алдында олар қонақүйде 30 күн карантинде жатуға міндеттеледі. Бұл да оңай емес», – дейді станция бастығы.