Бүгінде бүкіл әлем контейнер тасымалына ден қойған. Контейнерлік пойыздар транзиті тиімді, бюджетті еселейтін, бірегей кіріс көзі саналады. Сондықтан трансшекаралық аймақта орын тепкен Семей жүк тасымалы бөлімшесі транзиттік пойыздар қозғалысын реттеуге баса мән беріп отыр. Осыған дейін шығыстағы теміржолшылар бір жыл ішінде әр контейнері 40 тоннаны құрайтын 500-ден аса транзитті пойыздарды іркіліссіз өткізіп келді. Алайда соңғы 8 айдың қорытындысы қазіргі мүмкіндік бұрынғыдан да жоғарылай түскенін нақтылап отыр. Себебі, жоспарлы шаралар артығымен орындалып, нәтиже бірден жоғарылаған. Оған Ресейдің Сібір бөлігінен Орталық Азияға контейнер түріндегі жүк тасымалының соңғы жылдары еселеп артуы ықпал етуде. Ресей мен Қытай елдері арасындағы жүк дәлізі саналатын Семей ЖТ бөлімшесінде жүк тасымалының бұл түрі ерекше назарға алуды талап етеді.
– Өткен 8 айдың көрсеткіші бойынша 551 контейнерлік пойыздарды қабылдап алып, жөнелттік. Орташа жылдамдығы 330,3 шақырым/сағатты құрайды. Карантиндік шектеулер қыспаққа алған былтырғы жылы 9 айдың ішінде бөлімше бойынша 546 контейнерлік сапарға шыққан болатын. Айырмашылықты бірден байқауға болады. Транзиттік жүк тасымалы пандемиядан сауығып келеді. Алда әлі 4 айдың қорытындысы бар екенін ескерсек, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселене түседі деген сөз, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің шұғыл басқару бөлімінің бастығы Қайрат Ибраев.
Транзит ағыны негізінен Ресейдің Батыс-Сібір бөлімшесі аумағында орын тепкен Семей ЖТ бөлімшесінің Локоть станциясымен ҚХР-мен шектесетін Достық станциясы аралығында, қос бағытта орын алуда. Бір айта кетер жайт, контейнерлік пойыздардың тәуліктік жүру жылдамдығы да жоғарылатылған. Дегенмен астық тасымалы мен көмір жөнелту қарқын алғандықтан бұл мәселені алдағы уақытта қарастыру қажет етілмек.