Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ
Мың км автожол жаңартылмақ
Оқуға 1 мин
«ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл республикалық маңызы бар 1 111 шақырым автожол жаңғыртылады. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жол бойының 46 нысанында жүргізілуде. Оның 420 шақырымын осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.Телімдерге 3 мыңға жуық техника мен 6 мыңға жуық адам жұмылдырылған.
Осы жылы «Орталық-Оңтүстік» бағдары бойынша ұзындығы 155 км автожолды пайдалануға беру, «Астана – Теміртау» телімінің өткізгіштігін қамтамасыз ету және «Алматы – Қапшағай» телімін толығымен аяқтау, «Орталық-Шығыс» бағдары бойынша Павлодар қаласындағы ұзындығы 12 км көпірді пайдалануға беру және Астанадан Қоянды кентіне дейін бір жолақпен жүріп өтуді қамтамасыз ету, «Орталық-Батыс» бағдарындағы ұзындығы 100 км «Атырау-Ақтау» жолын, сондай-ақ, «Алматы-Талдықорған» автожолының 64 шақырымын, «Көкшетау-Петропавл» автожолының 86 шақырымын және Қостанай қаласындағы Тобыл өзені бойымен өтетін көпірді пайдалануға беру жоспарда бар.