Қарағанды магистральдық желі бөлімшесінде қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Дала қоңырауы» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Кездесу Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы өкілдерін шақыра отырып, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Теміржолшылар Ыбырай Алтынсариннің шығармалары мен өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Сонымен қатар, қатысушылар ағартушының өмірі мен шығармашылығына арналған викторинада өз білімдерін тексеріп, интерактивті ойындар ойнады. Кеш соңында ең белсенді қатысушылар мен көрермендерге сыйлықтар табысталды.
«Дала қоңырауы» кеші ұлттық әдебиетті насихаттау және мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру алаңына айналды, сондай-ақ магистральдық желі қызметкерлеріне өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді.