Қызылорда жол бөлімшесінде теміржолшыларды қажетті ақпаратпен жарақтандыратын ғылыми-техникалық ақпарат және сараптама орталығының Қызылорда және Қазалы станциясында екі техникалық кітапханасы жұмыс істеп тұр. Кітапханаларда кітап, ақпараттық және мерзімдік басылымдар, тақырыптық талдамалар, библиографиялық анықтамалар қоры да жеткілікті. Жол бөлімшесіндегі ғылыми-техникалық ақпарат және сараптама орталығынан өндіріске енгізілу үшін аймақ теміржолшыларынан өткен жыл ішінде 68 дана рационализаторлық ұсыныс, 64 техникалық жаңалық, 8 рет ақпараттық парақша жиынтығы дайындалған. Олардың бәрі жергілікті бөлімшеде комиссиялық сүзгіден өткізіліп, Ұлттық компанияның құзырлы бөлімдеріне жөнелтілген. Өткен жылғы өнертапқыштық ұсыныстардың жалпы экономикалық тиімділігі 1 миллион жетпіс бір мың теңгені құраған және де олардың бірсыпырасы өндірісте кеңінен қолданысқа енген. –Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында кітапханаға 1895 теміржолшы бас сұғып, 1679 кітап пайдаланылып, 1997 мерзімдік басылым оқылды. Кітап қорынан 3676 кітап, 54 библиографиялық анықтама берілді, алғашқы тоқсанда 2 мәрте ақпарат күні өткізіліп, онда 74 материал ұсынылды, 5 рет кітап көрмесі қойылып, 77 тұрақты жарақталған материалдармен қамтылды. Өңір теміржолшыларын саладағы жаңалықтармен дер кезінде қамту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып жұмыс жасаудамыз, – дейді техкітапхана тарапынан атқарылған жұмыстар жайлы бас кітапханашы Райхан Темірғазиев.

Сабырхан НӘДІРБАЙҰЛЫ, Қызылорда