Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Бірде-бір бала сыйлықсыз қалмады
Оқуға 2 мин
Атырау жол бөлімшесінде еңбек ететін теміржолшылардың балалары үшін сәуір-мамыр айларында өткен «Жас буын – Мәңгілік ел. Жаңа классик бол!» деген тақырыптағы байқау қорытындысы шығарылды.
Кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған сурет сайысы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған еді. Мұндағы мақсат – қылқалам арқылы жасөспірімдер санасына «Мәңгілік Ел» идеясын қалыптастыру болып табылады. Олардың туындыларын сараптаған қазылар алқасы сайыс жүлдегерлерін 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күні жариялаймыз деген тоқтамға келген еді. Атырау жол бөлімшесінің Кәсіподақ төрағасы Орынбасар Райсов байқау барысында балалардың сурет өнеріне деген қызығушылығы мен салған суреттерінен Отанды сүюге деген патриоттық сезімдерінің жоғары екенін көріп, тәнті болғандарын, сондықтан байқауға қатысқан 29 баланың барлық баланың туындысы жүлделі орынға лайық екенін айтып өтті. Нәтижесінде кәсіподақ ұйымы сайысқа қатысқан бірде-бір баланы сыйлықсыз қайтармады, мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болған бүлдіршіндер мәз болды.
–Әкемнің жұмысы мен үшін қиын, әрі қызықты. Ол пойыз вагондарының істен шыққан дөңгелегін дәнекерлеп, вагонды қайтадан жұмысқа қосады. Мен өскенде әкеме ұқсап дәнекерлеуші болмасам да, теміржолшы болатын шығармын. Олай дейтінім, соның арқасында адамдар алыс сапарларға жол шегеді. Мен де адамдардың асқақ армандарына жетуіне үлесімді қоссам деймін, – дейді жүлдеге ие болған бүлдіршіннің бірі, Атырау жол бөлімшесіндегі вагон депосының өндірістік-технологиясының өнім дәнекерлеушісі болып еңбек етіп келетін Оразай Әбдіғалиевтің қызы Дильназ Құмарова.