Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Қос бүлдіршінді қуантты
Оқуға 1 мин
Бұл жолы семейлік жастардан құралған бастамашыл топ теміржолшылардың мүгедектігі бар балаларына материалдық көмек жасауды ұйғарыпты.
Бұл идеяға бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев та қолдау білдіріп, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған жанұяларға көмек көрсету жолдарын нұсқады. Осыған дейін жас буын теміржолшылар бөлімшенің бас кеңсесі алдында екі күн бойы арнайы жәрмеңке ұйымдастырып, әріптестеріне тағам өнімдерін саудалап, қомақты қаражат жинаған болатын. Сондай-ақ, жастар электротехникалық колледжде қайырымдылық концерт ұйымдастырып, қажетті соманы толықтырды.
Осылайша 1 маусым күні екі теміржолшылар отбасына барып, қамкөңіл балалар үшін тосын сый жасауға қаражат жиналды. 11 жасар Анараның әкесі Семей жол дистанциясында оператор-дефектоскопшы болып еңбек етеді. Ал анасы мүгедек баланың күтімімен үйінде отыр. Ал 12 жастағы Елназдың анасы Халида Сыздықбаева Семей станциясында еңбек етеді. Жастардың көмегіне екі отбасы да риза болып, алғыстарын жеткізді.
Бұл күні әр балақайдың қолына 34 мың теңге көлемінде қаржылық көмек ұсынылып, тәтті-дәмділер табыс етілді.