Кеше «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ орталық ғимаратында Әлеуметтік жұмыс жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының қайырымдылық акциясы өтті. Жетімдер үйіндегі балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдем етіп, қол ұшын созу мақсатында ұйымдастырылған игі шара ешкімді бей-жай қалдырмады. – Бұл шараға барлық жүрегі кең, қолы ашық азаматтар қатыса алады. Акция аясында кез келген жан қолдарымен жасаған бұйымдарын, суреттерін, пісірілген тәтті-дәмділерін ұсына алады. Болмаса дайын дүниелерді сатып алу арқылы да көмек қолын созуға болады. Сатып алған затын арнайы қорапшаға салып, ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларға сыйлық ретінде тарту ете алады. Ал жиналған қаржы психикалық-неврологиялық сырқаты бар мүгедек балалардың ой-өрісін дамытатын ойыншықтар алуға жұмсалады, – деп ой бөлісті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменттің директоры Қорлан Медиханова. Мұндай қайырымдылық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Жансая Шыңғысханқызы, Астана Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК