Көк Туды көкке көтерген чемпион

Жаңалықтар
04.06.2026, 08:00
Суреттер спортшының жеке қорынан
Әділет Мұсахаев

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің тілшісі

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен айнасы. Көк байрақ, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың тарихын, болмысын, еркіндікке деген ұмтылысын білдіретін қастерлі құндылықтар. Әсіресе халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен сәтте көк Туымыздың көкке көтеріліп, Әнұранымыздың шырқалуы әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Өйткені сол сәтте әлем алдында тек спортшы ғана емес, тұтас елдің абыройы асқақтайды. Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында дәл осындай қуанышты сәттерді бірнеше мәрте бастан өткерген жерлесіміз, кір тасын көтеру спортынан Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, халықаралық жарыстардың әлем чемпионы, Семей электрмен жабдықтау дистанциясының электромеханигі Аманжол Аусыдықовпен әңгімелескен едік.

Аманжол үшін спорттағы ең үлкен марапат – медаль немесе кубок емес. Оның айтуынша, жеңіс тұғырының ең биік сатысында тұрып, Қазақстанның Әнұраны шырқалған сәттегі сезімді ештеңемен салыстыру мүмкін емес.

– Көпшілік алдында жеңіс тұғырына көтеріліп, Әнұранымызды шырқатып, көк Туымызды желбірету, сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше сезім. Сол кезде көңілің толқып, көзіңе еріксіз жас келеді. Кеудеңді мақтаныш кернейді. Барлық ауыр еңбек, талай жылғы дайындық, төккен тер мен көрген қиындықтардың бәрі бір сәтте ұмытылып кетеді. Өйткені сен өзің үшін емес, елің үшін жеңіп тұрсың, – дейді спортшы.

Шынында да, жеңістің ар жағында көзге көрінбейтін үлкен еңбек жатыр. Аманжол халықаралық жарыстарға кем дегенде жарты жыл бұрын дайындала бастайды. Кір тасын көтеру спорты үлкен төзімділікті талап етеді. Сондықтан күш жаттығуларымен қатар ұзақ қашықтыққа жүгіру, тыныс алу жүйесін дамыту, шаңғы тебу секілді дайындықтың сан түрінен өтеді.

– Жеңіс ешқашан оңай келмейді. Жарыс алдында салмақты қалыпқа келтіру керек, өкпені шынықтыру қажет. Арқа, аяқ, кеуде бұлшықеттерін дамытамыз. Қыста шаңғы тебеміз, жазда ұзақ қашықтыққа жүгіреміз. Дайындығың мықты болған сайын жеңіске деген сенім де арта түседі, – дейді ол.

Спортшының айтуынша, шетелге шыққанда Қазақстанның Мемлекеттік Туы әрдайым оның жүгінде жүреді. Себебі ол көк байрақты тек жарыс кезінде ғана емес, өзімен бірге алып жүретін қасиетті белгі ретінде қабылдайды.

Үндістанда, Қытайда, Тайпейде өткен жарыстарда шетелдік спортшылар мен көрермендер Қазақстан Туына жиі қызығушылық танытқан.

– Көп адам келіп, Туды ұстап көріп жатады. «Қай елден келдің? Тудағы күн мен қыран нені білдіреді?» деп сұрайды. Сондай кезде Қазақстаннан екенімді мақтанышпен айтып, рәміздеріміздің мағынасын түсіндіремін. Біздің Туымыз өте әдемі. Шетелдіктер де соны жиі айтып жатады, – дейді чемпион.

Аманжол Аусыдықов Үндістан астанасы Делиде өткен халықаралық жарыста екі бірдей алтын медаль жеңіп алған. Бүгінде ол жаңа белестерге дайындалып жүр. Егер қаржылық қолдау мәселесі шешілсе, алдағы уақытта Еуропада өтетін әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғауға ниетті.

Спортшының өмір жолы жастарға үлгі боларлықтай. Ол кір тасын көтеру спортына Алматыдағы әскери институтта оқып жүрген кезде келген. Сол жерде төрт жыл қатарынан чемпион атанып, кейін Құрлық әскерлері мен Қазақстан Қарулы күштерінің чемпионы болған.

Бүгінде Аманжол өз жетістіктерімен ғана шектеліп отырған жоқ. Ол спорт залында жастарды жаттықтырып, олардың бойына патриоттық құндылықтарды сіңіруге күш салып келеді.

– Жастарға әрдайым елді, жерді сүюді айтып жүремін. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу  әр азаматтың міндеті. Біз қандай жетістікке жетсек те, оның бәрі Тәуелсіз Қазақстанның арқасы. Сондықтан елімізді, жерімізді, Туымызды қадірлеуіміз керек, – дейді ол.

Мемлекеттік рәміздер күні – тек мерекелік дата ғана емес, ұлттық рухты жаңғыртатын ерекше күн. Көк байрақты әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген Аманжол Аусыдықов секілді азаматтардың жетістігі осының айқын дәлелі. Өйткені көк Ту жеңіс тұғырында көтерілген сайын Қазақстанның мерейі өсіп, ел рухы асқақтай түседі. Ал сол Тудың астында ел намысын қорғап жүрген спортшылардың әрбір жеңісі – Тәуелсіздіктің еңселі жетістіктерінің бірі.

Цифрландыру
02.10.2026
Семейде 240 шақырымдық телімде пойыз қозғалысы цифрлық басқаруға көшті
Инфрақұрылым
02.10.2026
Шу вокзалы қайта түледі
Аймақтар
02.10.2026
Теміржолшылар қалашығында жаңа Өнер мектебі бой көтеруде
Жаңалықтар
02.10.2026
«KTZ – ALT INNOVATION»: мүмкіндіктер алаңы
Жаңалықтар
02.10.2026
Бейнет түбі – зейнет
Жүк тасымалы
02.10.2026
ҚТЖ қыркүйекте астық тасымалынан рекорд жаңартты
Аймақтар
02.10.2026
Теміржолшы ардагерлерге құрмет көрсетілді
Жаңалықтар / Мұрағат
02.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №78 02 қазан 2026 жыл
Жаңалықтар
01.10.2026
ҚТЖ ұсынған «Smart Диагностика» жүйесі AІ & Digital Bridge 2026-да таныстырылды
Аймақтар
01.10.2026
Жетісу облысында Үштөбе станциясының вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Цифрландыру
01.10.2026
Алматыда бес елдің теміржол өкілдері қауіпсіздік мәселесін талқылады
Әлемде
01.10.2026
АҚШ-та Siemens-тің жаңа Airo пойыздары жолаушы тасымалдай бастады
Жолаушылар тасымалы
01.10.2026
ҚТЖ барлық бағыттағы теміржол билеттеріне 10% жеңілдік ұсынады
Аймақтар
01.10.2026
Көкшетауда теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
01.10.2026
Қазақстанның теміржол доңғалақтары Еуропаға жол тартады
ҚТЖ келбеті
01.10.2026
67 жылын теміржолға арнаған ардагер
Жаңалықтар
01.10.2026
Алматыда 43 команда студенттік хакатонда ҚТЖ үшін цифрлық шешімдер ұсынады
Жаңалықтар
01.10.2026
БАӘ Қазақстан мен Өзбекстанмен бірге Пәкістанға баратын жаңа теміржол жобасын пысықтады
Аймақтар
30.09.2026
Жамбыл облысында Шу вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
30.09.2026
Құрық порты мен Xi’an Free Trade Port ынтымақтастықты талқылады