Қазақстан мен Бельгия порттар арасындағы серіктестікті дамытуды көздейді
Қазақстан мен Бельгия көлік-логистика, цифрлық технологиялар және жоғары технологиялық өндіріс салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бұл бағыттар Астанада өткен Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесінің төртінші отырысында талқыланды. Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Королі Филипп қатысты.
Мемлекет басшысының пікірінше, көлік-логистика екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың негізгі бағыттарының бірі саналады. Қазақстан теміржол және автомобиль инфрақұрылымын, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының бойындағы теңіз порттары мен терминалдарын жаңғыртуға инвестиция салып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы ірі логистикалық орталықтардың бірі саналатын Бельгияның тәжірибесін пайдалану маңызды екенін атап өтті. Осы орайда Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттары мен Бельгиядағы Антверпен-Брюгге порт кешені арасында практикалық серіктестік орнату ұсынылды.
«Бұл Қазақстанның металл, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Президент.
Орта дәліздің мүмкіндіктері кеңейеді
Ақтау мен Құрық порттарын Антверпен-Брюгге кешенімен байланыстыру бастамасы Транскаспий халықаралық көлік бағытының Еуропа нарығына шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бұл бағыт Орталық Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалында маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенконың 2026 жылғы қыркүйекте Антверпен провинциясына жасаған жұмыс сапары кезінде де осы мәселе талқыланған. Кездесулерде порт инфрақұрылымын басқару, мультимодальды логистика, цифрландыру, «ақылды порт» технологиялары және экологиялық талаптарды сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Сондай-ақ қазақстандық мамандарды Антверпендегі мамандандырылған орталықтарда оқыту және осы қаланы Қазақстан өнімдерін Еуропаға таратуға арналған логистикалық хаб ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылды. Тараптар Ақтау, Құрық және Антверпен-Брюгге порттары арасындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік құжат әзірлеу мәселесін де ұсынған.