АҚШ Орталық Азияға сапары барысында Орта дәлізді дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Өзбекстанға барған АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио айтты. Оның сөзінше, ынтымақтастық Орталық Азия елдері мен АҚШ-қа табиғи ресурстарға, инвестицияларға және сауда серіктестіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Вашингтон дәлізді дамытуда жеке инвестицияларға басымдық бермек. Қазіргі уақытта мемлекеттік қаражат есебінен Каспий маңы кәсіпкерлігін қолдау қорына 201 миллион доллар бөлінген. Қордың негізгі міндеті – көлік дәлізінің инфрақұрылымын тікелей қаржыландыру емес, оған жеке капитал тартуға ықпал ету.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Орта дәліздегі ең шұғыл 16 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға шамамен 25 миллиард бір жүз миллион доллар қажет. Оның 22,5 млрд доллары теміржол инфрақұрылымына, ал қалған бөлігі порттар мен теңіз тасымалына бағытталмақ.
Банк мәліметіне сәйкес, аталған жобалардың шамамен 75 пайызы қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр немесе жақын уақытта басталуы тиіс.
Олардың қатарында Қазақстандағы Мойынты – Қызылжар теміржол желісі де бар. Құны 1,4 млрд долларға бағаланған бұл жобаның құрылысы халықаралық қаржы институттарының қолдауымен жүргізілуде.
Орта дәліз Қытай мен Еуропаны Орталық Азия және Каспий теңізі арқылы байланыстыратын маңызды көлік бағыты саналады. Оның инфрақұрылымын дамыту жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтіп, өңір елдерінің халықаралық саудадағы рөлін арттыруға бағытталған.