Жақында атыраулық теміржолшыларға арналған «Ресми құжаттардың стильдік ерекшеліктері және оларды жазуда ескерілетін емле қағидалары» атты екі күндік семинар-тренинг өтті. Мақсаты – мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу жұмысының сапасын арттыру.

Семинарды «ҚТЖ» ҰК» АҚ мемлекеттік тілді дамыту секторының бастығы Ербол Тоқтағазы облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мамандарымен бірлесіп өткізіп, оған Атырау магистральдық желі бөлімшесіне қарасты құрылымдық бөлімше қызметкерлері – инженерлер, бөлім басшылары, вагон қараушылар, станция жұмысшылары, СОБ электрмонтерлері, басқа да көптеген мамандар қатысты. Қатысушылар топ-топқа бөлініп, оларға ресми стиль ерекшеліктері мен нормалары, емле қағидалары, құжатты сауатты жазу тәртібі, құжат жазуға қойылатын талаптар, қазақ тілінің бірізділігін сақтау бағытында мәліметтер беріліп, көрнекі құралдар арқылы түсіндірілді. Ал семинардың екінші күні халықаралық қазақ тілі қоғамының ұсынысымен енгізілген жалпы ұлттық диктант шарасы өтті.  

– Мемлекеттік тілді дамыту секторы тарапынан соңғы үш жылда біраз жұмыстар атқарылды. Біз мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге күш салып келеміз. Сондықтан да әр өңірлерде осындай семинарлар ұйымдастырып жатырмыз. Қазақы өңір Атырауда барлық теміржол мекемелерінде осы жұмыстар деңгейі жақсы, бәрі қазақша сөйлейді, жазады, көрнекі ақпараттар да заңға сай жасақталған. Екі күн теміржолшы-мамандарға ресми іс-қағаздарын сауатты жүргізу бағытында семинар-тренинг өткізіп, практикалық көмек бердік. Ал екінші күні диктант жүргізілді. Кейін дайын мәтінмен салыстырып, әркім өз қатесін өзі тексерді. Семинарда алған білімдерін теміржолшылар күнделікті жұмыс барысында қолданады деп сенеміз, – дейді Ербол Тоқтағазы.  

Оның айтуынша, ҚТЖ-да мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 2023 жылы 20 пайыз, 2024-те 40, 2025-те 60 пайыз, биылғы 9 айда 64 пайызға жетіпті. Ал ел бойынша теміржолшылардың 70 пайызы қазақша оқи алады, жаза алады.