«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Жамбыл филиалына қарасты Шу локомотив пайдалану депосының ұжымы қырық жылға жуық уақыт үздіксіз өз міндеттерін адал атқарып, қажырлы еңбектің үлгісін көрсеткен электровоз машинистері – Александр Назарчук пен Валерий Воробьевті, отыз жыл жұмыс істеген Абай Құрамаевты құрметпен зейнетке шығарып салды.
Депо басшылығы атынан екі машинисті Құрмет грамоталармен марапаттап, шапан жауып, құрмет көрсетті. Әріптестері жылы лебіздерін жеткізіп, алғыстарын білдірді. Естелікке сыйлықтар тапсырып, білікті мамандардың еңбектегі қол жеткізген табыстары туралы әңгімеледі.
– 2022 жылы «Үздік маман» атанған Александр Григорьевич – 36, Виктор Иванович – 34 жыл, Абай Құрамаев 30 жылдан астам уақыт Шу локомотив пайдалану депосында үздіксіз жұмыс істеді. Үшеуі де электровоз машинистері. Өте тәжірибелі, нағыз өз ісінің мамандары. Қажырлы еңбектің үлгісін көрсете жүріп, ізбасар жастарды тәрбиеледі. Әріптестерімізге айтарымыз тек алғыс. Көп жылғы еңбектерінің зейнетін көрсін дейміз, – деді депо бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары Мейірхан Орысбай.