М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы кезекті 2016 жылғы түлектерін ұядан ұшырды.   Жоғары оқу орнын бітіруші түлектерге диплом табыстау салтанатында академияның президент-ректоры Бахытжан Қуанышев түлектерді осынау қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы өмірлеріне сәт сапар тіледі. Сонымен қатар, жас түлектерді салтанатты шараға арнайы келген қонақтар,  Қазақстанның атақты көлік қызметкерлері мен теміржолшылары Қалтай Сәмбетов, Избасар Қарабасов, сондай-ақ Алматы жол бөлімшесі директорының логистика жөніндегі орынбасары  Айбас Жұмағалиев және басқа лауазымды тұлғалар құттықтап, жастарға өз қолдарымен диплом тапсырды. Осы жылы көлік академиясын бітіруші барлығы 953 түлектер арасында төрт жыл бойы «үздік» нәтиже көрсеткен 37 жас «қызыл» дипломға ие болды. М.Тынышпаев атындағы ҚазККА еліміздегі темір жол саласы бойынша жоғары квалификациялы мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орындарының бірі. Жыл сайын 14 мамандық бойынша мыңдаған түлектер академия қабырғасынан түлеп ұшып, болашақ жас маман ретінде үлкен өмірге қадам басып келеді. «Автоматтандыру және телекоммуникациялар», «Логистика және басқару», «Көлік техникасы және құрылыс» факультеттерінің мыңға жуық түлегі мемлекеттік емтихан мен дипломдық жұмыстарын сәтті аяқтап, диплом алды. Білім ордасында «инемен құдық қазған» төрт жылдарын өткізген түлектер дәстүр бойынша М.Тынышпаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып,  ұстаздарымен бірге түлектер аллеясына шырша талдарын екті.

Лаура ТАСБОЛАТОВА