Өткен жұмада елорданың «Нұрлы жол» вокзалынан Қазақстанда шығарылған Stadler вагондарынан жасақталған жолаушылар пойызы Астана – Семей бағытымен сапарға шықты. Жаңа пойызға жолаушылар тарапынан сұраныс жоғары болып, алғашқы рейске 467 билет сатылды. Бұл пойыздағы барлық орынның 90% құрайды.
Жаңа вагондар №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында күнара қатынайды. Пойыз Астанадан сағат 16:40-та аттанып, келесі күні таңғы 06:10- да Семейге жетеді. Кері бағытта Семейден сағат 15:00-де шығып, Астанаға келесі күні 05:05-те келеді. Жаңа пойыз құрамы 13 вагоннан тұрады. Оның ішінде 5 купе, 5 плацкарт, 1 штабтық вагон және электр қуатымен қамтамасыз ететін 2 вагон-электр станциясы бар. Астана – Семей бағытында әйелдерге арналған арнайы вагон да сақталған. Бұл әйел жолаушылардың сапар барысында өздерін жайлы сезінуіне мүмкіндік береді.
Аталған бағыттағы пойыз құрамының жаңартылуы – еліміздегі жолаушылар вагондары паркін жаңғырту бағдарламасының кезекті кезеңі. Бұл жұмыс теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті күшейтуге, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Stadler вагондары Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне бейімделген. Олар – 50 градустан +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға жарамды. Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.
– Жолсерік болып жұмыс істеп келе жатқаныма 21 жыл болды. Осы аралықта Астана – Алматы, Астана – Арқалық, Астана – Мәскеу бағытындағы пойыздарда жұмыс істедім. Соның ішінде әрине бүгін пайдалануға беріліп отырғын пойыздың жөні бөлек. Ең бастысы бұрынғыдай көмір жақпаймыз, сонымен қатар өз алдына бөлек климаттық бақылау бар, яғни әр купені жарықтандыру және жылуын реттеу жүйесі баяғыдай бүкіл вагонға ортақ емес, өз алдына бөлек басқарылады. Сосын, әрине, іші де жаңа, заманауи, өте жайлы вагондар. Жолаушыларға да ұнайтынына сенімдімін, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Сұңқар» филиалының жолсерігі Назгүл Махметова.
Купе вагонында 40, ал плацкарт вагонында 58 жолаушыға арналған орын бар. Жолаушылардың жайлылығы үшін вагондар климаттық бақылау жүйесімен, жеке жарықтандыру шамдарымен, 220 В электр розеткаларымен, USB және USB-C қуаттау ұяшықтарымен, бейнебақылау жүйесімен және жүк сақтайтын орындармен жабдықталған. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін де арнайы жағдай жасалған. Сондай-ақ пойызда тамақтануға арналған буфет аймағы қарастырылған. Келесі рейстерге билеттерді bilet.railways.kz сайтынан және теміржол кассаларынан сатып алуға болады.