Теміржолшылар тарихи жиын өткізді
Абай облысы бойынша меншікті тілші
Жуырда Семей магистральдық желі бөлімшесінде техникалық кітапхана қызметкерлері мен персоналды басқару бөлімі мамандарының ұйытқы болуымен ерекше жиын өтті.
Биылғы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған танымдық жиынға теміржолшылар мен сала ардагерлері, жастар ұйымының өкілдері, кәсіподақ белсенділері қатысты.
Алқалы жиында сөз алған «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов жиынның маңыздылығына тоқталып, ел тарихында ұмытылмайтын дата болып қалған сол жылдардағы Семей сынақ полигонының зардаптарын бүгінгі ұрпақ біліп өсуі міндетті екеніне тоқталды. НЖС-6 персоналды басқару бөлімінің жетекші маманы Бекжан Рымбаев сынақ полигонының кешегісі мен бүгіні жайында баяндама жасады. Сонымен қатар арнайы шақырылған қонақ, тарихшы ғалым, профессор Амантай Исиннің нақты фактілерге негізделген танымдық баяндамасы ерекше әсерлі болды. Сынақ полигонын зерттеуші ғалым маңызды ақпаратпен бөлісті.
– Бұл іс-шараның мақсаты – Семей ядролық сынақ полигоны, оның адам денсаулығына, табиғатқа және қоршаған ортаға тигізген залалы туралы кеңінен ақпарат беру, жас ұрпаққа ядролық қарусыз әлемнің маңызын түсіндіру, тарихи жадыны қалыптастыру, – дейді бұл орайда бөлімшедегі ҒТА және талдау орталығының бастығы Баршагүл Омарова.
Көпшілік полигонның құрылу және қалыптасу тарихымен танысып, сонымен қатар осынау сынақ алаңының жабылуына ұйытқы болған тарихи тұлғалар туралы да мол мағлұмат алды.
Басқосу барысында танымдық викториналық ойындар да орын алды. Семей сынақ полигоны жайлы 30 сауал қойылып, тапқырлық танытқан Әди Ақшалов, Асылжан Қадыржанов және Айсұлу Тұрсынғазина сынды мамандар марапатталды.