Теміржол саласында еңбек дәстүрінің сабақтастығы берік сақталған. Аға буын мен кейінгі толқын жастардың арасында тәлімгерлік байланыс орныққан. Бұған аймақтардағы ардагерлер кеңесінің жүйелі жұмысы нақты дәлел.
Бүгінде теміржол ардагерлерінің Жамбыл аймақтық кеңесінің 3321 мүшесі бар. Ал саланың үлестес құрылымдық ұйымдарынан қосылған зейнеткерлердің саны 651-ді құрайды. Кеңес мүшелері еңбектен қол үзгенімен, шойын жолдан алыс кеткен жоқ. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалы мен Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі өткізетін іс-шараларға шақырылып, арнайы кездесулер ұйымдастырылып тұрады.
– Жердің шалғайлығына байланысты Сарышаған мен Шу аумағындағы ардагерлеріміз сырт қалмасын деп, Шудан бір өкілімізді төраға орынбасарлығына сайлағанбыз. Екі аралықтағы зейнеткерлерімізбен сол орынбасар жұмыс жүргізеді. Жыл сайын теміржолшылардың кәсіби мерекесінде, Қарттар күнінде ардагерлерге арнайы дастархан жайылып, құрмет көрсетіледі. Еңбек тәжірибесін бөлісу үшін кездесулер ұйымдастырылады. Мерейлі жасқа толғандарды құттықтап, сый-сияпат жасау дәстүрге айналған, – дейді теміржол ардагерлерінің Жамбыл аймақтық кеңесінің төрағасы Бауыржан Найманбаев.
Кеңес төрағасы сала басшылары ауқымды бастамаларды жүзеге асыруда алдыңғы буынның мол тәжірибесін ұтымды пайдалануға ұмтылатынын айтады. Тіпті ұжымдық шартты әзірлеуде, еңбек адамын ынталандыруда кеңес мүшелерінің ұсыныстары да ескеріліп отырады екен.