Бүгінде кластан тыс Семей станциясының басындағы пойыз қозғалысының жиілігі тым жоғары. Атап айтсақ, маневрлік жұмыстар мен сұрыптау дөңесіндегі техникалық процестер жыл өткен сайын күрделене түсуде. Ал мұның барлығы қауіпсіздік шараларын арттыруды, қозғалысшылардың кәсіби біліктілігінің жоғары болуын талап ететіні белгілі.

Жуырда Семей станциясы басшылығы станция қызметкерлерінің басын қосып, сұрыптау дөңесінен вагондарды тарату кезіндегі қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын сақтау, сондай-ақ тежегіш табандықтарды дұрыс қолдану және табандық түсіргіш құрылғыларды пайдалану тәжірибесі бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізді.

Теориялық бөлім барысында, әсіресе жас буын теміржолшылар тежегіш табандықтарды қолданудың тәртібі, құрылғылармен жұмыс істеу қағидаты, олардың жарамдылығына қойылатын талаптарға қанықты. Сондай-ақ сұрыптау дөңесіндегі маневрлік жұмыстарды орындау кезіндегі қызметкерлердің іс-қимыл тәртіптерін қарастырып, тосын жайт кезіндегі шұғыл әрекеттер барысын пысықтады. Сұрақ-жауап та алмасылды. Бұл орайда станцияның бас инженері Бекзат Кәрімханов техникалық талаптармен кеңінен таныстырып, тәжірибелі аға буын өкілдеріне де сөз беріп, жастар олардың кәсіби дағдыларымен танысты.  

Ал практикалық бөлім кезінде қозғалыс шылардың тежегіш табандықтарды дұрыс қолдану дағдылары пысықталды. Мұнымен қатар техникалық процестер барысында қолданылатын өзге де қажетті құрылғылардың жұмысы көрсетілді. Аталмыш іс-шара аясында, сондай-ақ сұрыптау дөңесінен вагондарды тарату кезінде белгіленген технологияның сақталуы бойынша қызметкерлердің білім-білік деңгейі де тексерілді.  

Жалпы табандықтарды қою және алу орындары, олардың нақты саны мен вагондарды бекіту нормалары әр станция журналында және қолданыстағы технологиялық құжаттарында белгіленетіні белгілі. Сондықтан нақты маневрлік операциялар кезінде жалпы ұсынымдармен емес, бекітілген станциялық тәртіппен жұмыс істеу қажеттігі кеңінен талқыланды.

Техникалық дәріс №1012- ЦЗ бұйрығымен бекітілген «Вагондар мен жылжымалы құрамды бекітуге арналған тежегіш табандықтарды есепке алу, сақтау, таңбалау және пайдалану тәртібі туралы нұсқаулық» талаптарына сәйкес өткізіліп отыр. Іс-шараның мақсаты – қозғалыс қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына жол бермеу, вагондардың рұқсатсыз түрде қозғалыс жолдарына шығып кетуінің алдын алу, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру.