Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында өткізілетін «Ұлттық диктант» жобасына жамбылдық теміржолшылар белсенді түрде қатысты.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында Мемлекет басшысы қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән беріп, осы мәселеге кең ауқымда қарау қажет екенін атап өтті. «ҚТЖ» ҰК» АҚ бұл бағытта ауқымды жобаны қолға алған. Ұлттық компанияның орталық аппаратының Мемлекеттік тілді дамыту секторының бас менеджері Меруерт Ақбердиева «Ұлттық диктант» жобасы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жазу мәдениетін жетілдіру, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру және тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатынын атап өтті.
– Орталық аппараттан бастап, барлық аймақтық филиалдарды қамтитын іс-шараға құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері қатысады. Бүгін Жамбыл филиалдары бойынша жалпы жүзден астам маман үш топқа бөлініп, диктант жазуда. Үш топқа да ортақ тақырып таңдалған. Диктант жазуға 40 минут уақыт, 159 сөз беріледі. Теміржолшылар белгіленген мерзімде кешікпей келіп, жобаға жауапкершілікпен қарауда, – дейді Меруерт Болатбайқызы.
Жамбыл аймағы бойынша жобаны өткізуге жауапты мамандар бекітілген. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалы кадр бөлімінің бастығы Меруерт Баймұрзаеваның айтуынша, филиал аппаратынан және құрылымдық бөлімшелерден отыз маман диктант жазуға қатысқан. Қалған жетпіс екі адам «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалына қарасты мекемелердің теміржолшылары екен. Қатысушылар жұмыстарын өткізгенге дейін өзіндік бағалау жүргізіп, мәтінді тексеріп шықты.