Биыл Абай өңірінде біршама теміржолшы аға буын өкілі зейнетке шығып, ардагерлер қатарын толықтырды. Солардың қатарында Семей магистральдық желі бөлімшесі басшысының АСУ бойынша орынбасары Ерғазы Жұмаділов те бар.
Өткен сейсенбі 43 жыл ғұмырын теміржолға арнаған майталман маман үшін соңғы жұмыс күні еді. 63 жасқа толған теміржолшыны Zoom платформасы арқылы онлайн өткізілген селекторлық кеңес барысында ұлттық компания басшылығы мен республиканың түкпір-түкпіріндегі әріптестері салтанатты түрде құттықтады. Бұл көңіл толқытар жайт, мерейгер үшін де тосын сый болды. Лебіз білдірген теміржолшылар сыйлы әріптестері Ерғазы Төлендіұлының салалық қызметтегі жетістіктеріне тоқталып өтіп, ағалық ақыл-кеңесі үшін алғыс білдіріп жатты. Ақжарма тілек, жылы пікірге толы бір сағатқа жуық уақыт ішінде Астанадан жеткен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Орынбасаровтың арнайы Құттықтау хаты және астаналық әріптестері жолдаған ерекше сыйлық та салтанатты түрде тарту етілді. Ал жиынның соңында Ерғазы Төлендіұлы түйін сөз алып, осы жылдар аралығында бір салада еңбек етіп, бір отбасы мүшелеріндей болып кеткен әріптестеріне қимас сезіммен алғысын білдірді.

Тоқтала кетсек, Ерғазы Төлендіұлы алғашқы еңбек жолын 1983 жылы Жаңа-Семей жүк станциясында пойыздарды қабылдаушы болып бастап, Семей станциясында пойыз құрастырушы, станция кезекшісі, маневрлік пойыздар диспетчері болды.
Сондай-ақ станция бастығының орынбасары, Жаңа-Семей станциясы бастығы, бөлімшенің техникалық бөлімінің бастығы, бөлімше бастығының орынбасары қызметтерін де абыроймен атқарды. Осынау жылдары Семей темір жолындағы IT инфрақұрылымды дамыту, қозғалыс саласына цифрлық сервис енгізу, қызметтерді автоматтандыру іс-шараларының бел ортасында жүрді. Рационализаторлық жобалардың өндіріске енгізіліп, сәтімен жүзеге асуына да бастамашы болды. Ерен еңбегіне орай биыл республика күні мерекесінде «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін өңіріне таққан болатын.