CAF-тың гибридті пойызы аккумулятор қуатымен 273 шақырым жүріп өтті
Испаниялық CAF компаниясының Civity платформасындағы екі вагонды электр-аккумуляторлы пойызы Германиядағы Вегберг-Вильденрат сынақ полигонында бір рет қуаттау арқылы 273 шақырым жол жүріп өтті, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бұған дейін өндіруші литий-титанатты аккумуляторлармен жабдықталған пойыздың автономды жүріс қашықтығы 65-тен 110 шақырымға дейін жететінін мәлімдеген еді.
Сынақ барысында тартқыш жүйенің төтенше пайдалану жағдайларындағы жұмысы да тексерілді. CAF компаниясының хабарлауынша, алынған деректер алдағы уақытта аккумуляторлық батареяларға негізделген тартқыш технологияларды жетілдіруге пайдаланылады.
Германиялық Deutsche Bahn тасымалдаушысының жіктемесі бойынша 557-серияға жататын бұл пойыз қыркүйек айының соңында өтетін InnoTrans көрмесінде алғаш рет көпшілік назарына ұсынылады.
2021-2023 жылдары Германияның Рейн-Рур және Вестфалия-Липпе өңірлеріндегі VRR және NWL көлік операторлары CAF компаниясына осындай екі вагонды, төмен еденді 76 пойызға тапсырыс берген. Оларды пайдалануға беру 2027-2029 жылдарға жоспарланып отыр. Бұл бастапқы жоспарланған мерзімнен екі жылға кеш.
Айта кетейік, аккумулятор қуатымен ең ұзақ қашықтықты жүріп өту бойынша әлемдік рекордқа британдық Vivarail компаниясы жаңғыртқан тәжірибелік Class 230 пойызы да үміткер. Былтыр ол бір рет қуаттау арқылы 320 шақырым жүріп, жолда сағатына 64 шақырымға дейін жылдамдықты арттырған.
Алайда Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енгізілген көрсеткіш әзірге швейцариялық Stadler компаниясына тиесілі. Оның толықтай аккумулятормен жүретін FLIRT Akku пойызы 2021 жылы Германияда ауа температурасы шамамен 0 °C болған кезде бір рет қуаттау арқылы 224 шақырым жол жүрген.