Қытайдың теміржол желісі 2026 жылдың алғашқы он айында 4,13 млрд жолаушы сапарына қызмет көрсетті, деп хабарлайды Rail-news.kz. 

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға көп әрі осы кезең үшін рекордтық көрсеткіш. Бұл туралы Қытай мемлекеттік теміржол тобы хабарлады.

Қаңтар-қазан айларында елде тәулігіне орта есеппен 11 670 жолаушылар пойызы қатынаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға жоғары.

1 қазанда, ұлттық мерекелердің алғашқы күнінде, теміржол саласында бір тәуліктегі ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Сол күні 25,2 млн жолаушы тасымалданып, 14 885 пойыз қатынаған.

Теміржолдың туризммен байланысы да күшейіп келеді. Жыл басынан бері туристерге арналған 3 236 арнайы пойыз іске қосылған. Бұдан бөлек, концерттер, спорттық жарыстар, көрмелер және оқу сапарларына байланысты тағы 1 084 арнайы пойыз ұйымдастырылған.

Трансшекаралық жолаушылар тасымалы да өскен. Гуанчжоу–Шэньчжэнь–Гонконг жоғары жылдамдықты теміржолы 29,23 млн жолаушы тасымалдап, көрсеткішін 11 пайызға арттырған. Ал Қытай–Лаос теміржолымен шекарааралық сапарлар саны 289 мыңға жетіп, 33 пайызға көбейген.

Шетел азаматтарының Қытай ішінде пойызбен саяхаттауы да артқан. Алғашқы он айда шетелдік жолаушылардың теміржолмен жасаған сапарлары 22,52 млн-ға жетіп, бір жылда 32,9 пайызға өскен.

2025 жылдың соңындағы дерек бойынша, Қытайдағы теміржол желісінің жалпы ұзындығы 165 мың шақырымға жеткен. Оның 50 мың шақырымнан астамы жоғары жылдамдықты теміржолдарға тиесілі.

Ал 2035 жылға қарай Қытайдағы жоғары жылдамдықты теміржолдардың ұзындығын 70 мың шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.