Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде адам өміріне қауіп төнген сәтте  алғашқы медициналық жедел көмек берудегі теміржолшылардың біліктіліктерін арттыруға арналған тренинг өтті.  «Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем станциясы» КМК-нің жедел жәрдем бригадасы дәрігерлері, теміржолшыларға адам зардап шегетін оқиғаларда алғашқы жедел көмек берудегі іс-қимылдарды көрсетіп, адам өмірі үшін күрестің әр секунды қымбат екенін түйсіндірді. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Бауыржан Ақназарұлының бастамасымен ұйымдастырылған  алғашқы медициналық көмек беру тренингіне қатысушы теміржолшылар  өз қызметтерінде сирек болса да, кездесіп қалатын апатты жағдайларда жедел қимылдап, көмек беруге жаттығуға мүмкіндік алды. Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем станциясы бригадасының дәрігерлері теміржолшыларға түсінікті болу үшін  абайсызда құлап кету, денені күйік шалу және жүрек талмасы кезінде қандай жедел көмек көрсету керектігін көрсетіп, дәрігерлердің іс-қимылын қайталаған теміржолшыларға, жалпы тренингке қатысқан барлық теміржолшыларға кәсіби  кеңестерін берді. Тренингте адам өмірін құтқаруды мақсат еткен жедел көмек көрсетуде алғашқы секундтардың адам өмірі үшін қымбаттылығы айтылды. Апатты жағдай орын алған алғашқы секундттарда алғашқы көмекті дұрыс жасай алып, жедел жәрдем дәрігерлері келіп жеткенше адам өмірін сақтау тәсілдері үйретілген тренинг әсіресе жолаушылар тасымалы қызметкерлері үшін өмірлік сабақ болуымен маңызды.

Тұрсын ҚАЛИМОВА

АТЫРАУ