Арсен Байзақ, Тараз
Бильярд – ептілік пен шеберлік ойыны
Оқуға 1 мин
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесіне қарасты теміржол мекемесі қызметкерлерінің арасында бильярдтан жарыс өтті. Облыс орталығындағы «Алтын орда» бильярд клубында ұйымдастырылған шараға 18 теміржолшы қатысты. Жарысты ашқан Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов бекзадалардың ойынына айналған тастаяқ жарысында әулиеаталық теміржолшыларға сәттілік тіледі.
Жалпы, расында соңғы жылдары саламатты өмір салтын ұстанған болат жол қызметкерлерінің қатары артып келеді. Ал ептілік пен шеберлік сынға түсетін бильярд ойыны өте шиеленісті де тартысты өтті. Бірінші орынды Жамбыл вагон пайдалану депосының қызметкері Алмаз Кабдыкешов иеленіп, Жамбыл жол бөлімшесі кәсіподақ ұйымы дайындаған плазмалық теледидарға ие болды. Ал екінші орын тұғырынан көрінген кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Серік Наурызбаев кубок пен ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ үшінші орын иеленген бөлімше қызметкерлері Болат Абдуов пен төртінші орынға табан тіреген Арман Муздыбаев та диплом мен қаржылай сыйлық алды.
Жарысқа қатысушылар осындай доданы ұйымдастырған жол бөлімшесінің директоры мен кәсіподақ ұйымына ризашылығын айтып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.