Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты Семей локомотив пайдалану депосы жыл соңын қауырт шаралармен өткізуде. Пойыз қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мен еңбекті қорғауда, жүк тасымалы мен маневрлік шараларды сапалы жүзеге асыруда елеулі айлықтар ұйымдастырылып,  өндіріске оң нәтижелер енгізуде. Өткен қараша айының 9 күні локомотив депосы бойынша қауіпсіздік айлығы бастау алған болатын. Бір ай мерзімге созылған шара барысында мекеме басшысы Дәулет Ыдырысовтың бастамасымен бірқатар тың жұмыстар орын алды. Атап айтсақ, аялық барысын қорытындылайтын селекторлық жиындар ұйымдастырылып, оған теміржол саласының барлық мамандары қатысты. Сондай-ақ, мекеме басшылығы локомотив бригадаларымен жиі кездесіп, ортақ тақырыптағы сауалдар талқыланды. Мұнымен қатар, пойыз қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында тоқсандық ұйымдастырылған болатын. Арнайы шара барысында локомотив бригадаларының келу-кету уақытындағы жүйелілік пен тепловоздардың тежегіш құрылғылары, аппаратуралар толықтай жіті тексеруден өтті. Айта кетерлігі сол, жұмысқа тыңғылықты қараудың нәтижесінде арнайы шара барысында алаңдаушылық туғызарлықтай ақаулықтар мен маңызды ескертпелер орын алмапты. Локомотив шаруашылығындағы мұндай шаралар тек машинистерге ғана емес, инженерлік-техникалық қызметкерлер үшін де маңызды. Сонымен қатар, пойыз диспетчерлеріне, пойыз құрастырушыларға да қатысты. Бір бұл емес, «Қозғалыс қауіпсіздігі - бәрінен бұрын!» атты айлық аясында машинистер өмірі мен денсаулығын сақтау шаралары кең көлемде орын алды. - Жалпы, күллі теміржол саласындағы ең жоғары жауапкершілік машинистер мен машинистер көмекшілеріне жүктеледі. Сондай-ақ, желі бойындағы салалас өзге қызметкерлердің ақаулық жібермеулері де назарда ұсталады. «Машинист – теміржолдың көзі мен құлағы» деген нақыл бекерге айтылмаған. Осыған орай түрлі акциялар ұйымдастырылып, әр локомотившінің мұқияттылығы жіті қадағалауға алынуда. Өткізілген техникалық дәрістер, акциялар зор нәтижеге жеткізуде. Осы ретте біздің мекемеміз жылды оң жетістіктермен қорытындыламақ, -  дейді депо директоры, Құрметті теміржолшы Дәулет Ыдырысов.  

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей