Шахида Жұман
Түбек жастары жарады
Оқуға 2 мин
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астана қаласында өткен "ҚТЖ" ҰК" АҚ жастарының VIII республикалық форумынан оралған маңғыстаулықтарды жерлестері зор қошеметпен күтіп алды.
Түбек жастарды жарады. Олар форумның "Аймақтар визиткасы" командалық жарысында 17 топтан топ жарып, 1 орынды иемденді. Ал Маңғыстау вагон пайдалану депосының вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінде вагон қараушы болып еңбек ететін Қуатбек Көпбаев "Жас кәсіби маман-2017" сайысының "Вагон шаруашылығының жас маманы " аталымы бойынша 1 орынмен марапатталса, "Жас машинист-2017" номинациясының 2 орынды дипломы локомотив депосының машинисі Нұрсұлтан Алқабекке бұйырды. Маңғыстау станциясында жүк қабылдап -тапсырушы, жазғы "ҚТЖ стар" жобасының жеңімпазы Ержан Ниязқұлов форумға құрметті қонақ ретінде шақырылған еді. Бұл жолы да ол жүлделі орынды еншіледі.
Ол ол ма, "Жастардың көзқарасы" конкурсынан 1 орынды Құрық порты станциясында транзиттік жүктер бойынша агент Ғалымжан Жексенов, 2 орынды локомотив депосының машинист көмекшісі Қайрат Абдашов қанжығаға байлады.
- Форумға 10 адам бардық. Фархад Жұманиязов, Динаш Илесова, Замира Бадрадинова үшеуі "Болашақ басқарушылар" аталымы бойынша бақ сынасты. Сонымен қатар әр командадан бір ойыншыдан құралған топтық жарыста Фархад Жұманиязов топ басшысы болып, командасын жеңіске жеткізді. Форумның командалық ойынында бізге Қазақ хандығы туралы көрініс қою тапсырмасы түсті. Хандықтың құрылуы мен елді жерді қорғаған батырлар туралы сахналадық,-дейді аймақтық теміржолшы жастар өкілі.