Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ
Шоқпардан шыққан шойынжолшы
Оқуға 2 мин
Тәртіп пен төзімділікті талап ететін теміржол саласында тынбай еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көріп жүрген жандар қаншама?! Солардың бірі жол шаруашылығында қырық жылға жуық тер төгіп келе жатқан Дүйсенбек Бекдайыров.
Жамбылдың Шу ауданы, Шоқпар ауылының тумасы Дүйсембек Бекдайыров теміржолшының ұлы болғандықтан шығар, бала кезінде әкесінен асқан теміржолшы жоқтай көрінетін. Әкесімен еріп жұмыс орына барып-келіп жүріп, шегі жоқтай көрінетін рельстерге көз тастап, бала қиялымен қай жерде таусылады екен, шіркін сол жаққа дейін барсам пойызбен... деп армандайды екен.
Бүгінде Шу жол дистанциясының 35 жылдық тәжірибесі бар білікті жолшысы Дүйсембек Бекдайыров мамандығымен мақтанады.
–Әкем теміржолшы болғандықтан, жастайымнан осы салаға қызығып өстім. Әкемнің жолын қуып, мен де жолшы болдым. Жол монтеры болғандықтан күнібойғы жұмысым жол күтімін жасаумен жол бойында өтеді. Жиырма жылдық тәжірибемде рельстің қыр-сырын толық меңгерсем де, ешқашан жұмысыма немқұрайлылық танытқан емеспін. Өйтсем, жауапкершіліктен ажыраған болар едім, қысқасы кәсібімді жақсы көрем, өмірге қайтадан келсем де, қайта жолшы болар едім,- деп күлді Дүйсембек аға.
«Жол қуған – қазынаға жолығады» демекші, жол жағалап жүріп жоғын тауып, өмірлік жар таңдауда да жаңылыспаған Дүйсембек ағамыз отбасында да жолы болған жан. Жұбайы қас-қабағына қарап төрт баланы тәрбиелеп отыр. Ұлы Жасұлан әке жолын қуып, теміржолдын вагон шаруашылығында еңбек жолын бастапты.
– Біздің дистанциямызда тәжірибелі жолшылар жетерлік. Дүйсембек Бекдайыров солардың бірі. Бұл кісі Шоқпар станцияда жол монтеры болып істейді. Артық сөзі жоқ, жұмысына өте тиянақты. Ең бастысы, жұмысын бар ынта-шынтасымен, зейін салып жасайтыны таң қалдарады және кәсіп иесіне деген құрмет сезімін оятады. Бұл қазіргі кезде көп адамдардың бойынан табыла бермейтін қасиет,- дейді кейіпкеріміз туралы жылы лебіз білдірген Шу жол дистанциясының бастығы Есбол Надырбеков.