Қытайда Қазақстан мен ҚХР шекаралық темір жолдары аралас комиссияларының 35-ші кезекті кеңесі өтуде. Қазақстандық делегацияны ҚТЖ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкенов басқарды, Қытай жағынан – «Үрімші темір жолы» ЖШҚ Басқарма төрағасы Го Цзянь, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Кеңесте тасымалдарды қорытындылап, 2027 жылға арналған бірлескен жұмыс жоспарларын талқылады.

2026 жылдың тоғыз айында қазақстандық-қытайлық шекара өткелдері арқылы жүк тасымалдау көлемі 28,4 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8% көп. Қазақстаннан Қытайға 17,6 млн тонна (+9%), Қытайдан Қазақстанға 10,8 млн тонна (+8%) тасымалданды.
2025 жылы тасымалдау көлемі 35,6 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 11% өсті. Оның ішінде Қазақстаннан Қытайға 22,2 млн тонна, Қытайдан Қазақстанға 13,4 млн тонна жөнелтілді.

2027 жылға қазақстандық тарап тасымалдау көлемін 42,3 млн тонна, оның ішінде Қазақстаннан Қытайға 26,8 млн тонна және кері бағытта 15,5 млн тонна деңгейінде белгілеуді ұсынуда.
ҚТЖ өткізу қабілетін арттыру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асырды. Мойынты – Достық учаскесінде екінші жолдар салынып, Алматы торабын айналып өту үшін Жетіген – Қазбек-Бек айналма жолы жүзеге асырылды. Жетіген – Алтынкөл учаскесінде бес бөлек пункт ашылып, екі аралықта екінші жолдар салынды. Алтынкөл станциясында сегіз сұрыптау және төрт қосымша тар табанды жол салынды.

Тасымалдардың одан әрі өсуі үшін екі елдің теміржол инфрақұрылымын ілеспе дамыту қажет. Тараптар сондай-ақ шекаралық өткелдердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы жүктерін тасымалдауды ұлғайту жөніндегі шараларды қарайды.
Сапар аясында қазақстандық делегация Уси – Үрімші Батыс станциясына, жүрдек пойыздардың локомотив депосына және Үрімші теміржол вокзалына барды.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар хаттамаға қол қояды.
