Қызылорда локомотив пайдалану депосынын  машинисі  Темур Сүлейменов алдағы келе жатқан жаңа жылды жолда қарсы алатын сыңайлы.  Барар жеріне асыққан жолаушыларды сағат тілі түнгі 12-ні соққанша діттеген жеріне аман-есен жеткізуге асыққан жолаушылар құрамын басқарады. Әрине, теміржолда қауіпті емес сала жоқ, дегенмен жолшы, вагоншы, қозғалысшы, белгі беру-байланысшы, т.б. қай-қайсысынан да машинистің  жұмысы жауапты әрі аса қауіпті екені талас тудырмаса керек.  Мұны сала мамандарының бәрі жақсы түйсінеді. Ең басты мақсат қауіпсіздікті сақтауды санаға сіңірген машинистер  қай кезде де, қандай жағдайда да сенім үдесінен шығуға күш жұмсайды. Мейлі ол күндіз, не түнде сапар шексін, сапары мейлі мереке күндеріне сәйкес келсін, машинист үшін ең бірінші кезекте –  кәсіби жауапкершілік.  Өйткені, сағаттың тіліндей пойыздар қозғалысы тоқтамақ емес.   –Жаңа жылды тепловоздың ішінде қарсы алуым бірінші рет емес. Бұған дейін де мұндай жағдай тепловоз тізгіндеген осы 37 жылда талай рет болған. Мен үшін бұл кезекті сапардың бірі ретінде қабылдауға тиіспін. Әрине, жыл ауысып жатқан мезетті отбасыңда қарсы алғанға не жетсін? Биыл шамалауымша жолаушылар құрамымен жаңа жылды облыс орталығынан үш-төрт станцияны өткеріп қарсы алғалы тұрмыз. Біздерге, машинистерге, жаңа жыл деп босаңсуға әсте болмайды, құрамда келе жатқан жүздеген жолаушының өміріне машинист пен оның көмекшісі жауапты  сондықтан мереке деп босаңсуға, басқалай еркіндік жасауға еш қақымыз жоқ. Әрине,  жастау кезімізде жаңа жылды үйде қарсы алудың жолын іздестіруші едік, қазір ондай ойдан арылдық, тек жауапкершілік пен жүктелген жұмысымды аман-есен атқарып, сенімнен шықсам деп шүкіршілік етемін, тек ақ жол болсын, – деп жүрекжарды лебізін білдірді тәжірибелі машинист. Қызылорда локомотив пайдалану депосында еңбек жолын бастап,  тепловоз машинисінің көмекшісі, машинист, кейін машинист-инструктор болып еңбек еткен кейіпкеріміз  Жаңа жылда жол үстінде қарсы алатын болғандықтан   төл басылымымыз арқылы барлық әріптестерін құттықтауды жөн көреді.  «Жаңа жыл жақсылығымен, әр шаңыраққа мол табысымен келсін!», – дейді 1-класты машинист  Темур Тұрсынбайұлы.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда