Теміржолдың «Локомотив» клубының мүшелері мен «Турон» жауынгерлік өнер федерациясы басшылығының ұйымдастыруымен Шымкентте Азия  кубогына дайындық ретінде, этаптық жарыс ұйымдастырылды.  «ЖТ Шымкент»  филиалы кәсіподақ комитетінің төрағасы Хайрулла Сәрсенов сайыстың ойдағыдай өтуі үшін бөлімше атынан қаржылай көмек берілуіне үлесін қосып, өзі де жарыс алаңына арнайы келіп, жастардың ойынын тамашалады. Спорттық шараны өтуіне «Достық» инженерлік институты ректорының осы саладағы орынбасары, халықаралық деңгейдегі еңбек сіңірген спорт шебері Алекстандр Тен мұрындық болды. «ЖТ Шымкент»  филиалындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Нұртаевтың ұйытқы болуымен, біраз бұрын Шымкенттегі «Локомотив» клубы қайта жаңарғанын жазғанбыз. Нәтижесінде осы жолы екінші рет өзбекстандықтармен біріншілік өткізілді. Өзбектермен жауынгерлік өнерге жататын жекпе-жек, күрес, бокс, у-шу, таэквандо сынды спорт түрлерінен өткен сайысқа 5 жастан бастап, 70-ке дейінгі жүзден аса әуесқой спортшылар    қатысты. – Сайыстың мақсаты – жастарды спортқа баулу. Арнайы спорттық секцияға қатысып жүрген балалар өздерін ширатса, әуесқойлар қызығушылығын ояту үшін атсалысуда. Жарыста 5 пен 15 жас аралығындағы балалар мен жассөспірімдер бір дәрежеде өнер көрсетсе, 16 жастан 70-ке дейінгілер түрлі салмаққа сай, бірнеше дәрежеге бөлінген. Жастарды салауатты өмір салтына шақыратын осындай жауынгерлік өнер сайысы  алдағы уақытта Өзбекстан, Ресей, Тәжіксанда да  ұйымдастырылып тұрмақ,- дейді «Турон» жауынгерлік өнер федерациясының аймақтағы өкілі А.Тен.  Ал, Нұрғали Нұртаевтың айтуынша,  «Локомотив» клубының мақсаты – кішкентай балалармен қатар, ересектерді де қорғануға, шымыр болуға тәрбиелеу.

 Бекәли АЛТЫН, Шымкент