Вагондар саны арта түскен Атбасар станциясында вагон қараушылар үшін жұмыс жетерлік.  Әсет Сағындықов басқаратын Атбасар техникалық қызмет көрсету тірек қосыны қашан да қырағылықтарынан  танбай еңбек етуде.   Станциядан Қарағандыға дейінгі темір жол телімінде жүретін вагондар сапасына жауап беретін қосында сонымен бірге ағымды ағымдық жөндеу жұмысы да жолға қойылған.  Мұнда  қызмет ететін  70 вагон қараушылар бірнеше ауысымда күніне 40 пойызға қызмет көрсетіп отыр.   –Біздің басты қаруымыз – қырғылық. Жыл басынан бері Атбасар техникалық қызмет көрсету тірек қосынының вагон қараушылары вагондардан 8 ақау тауып, апаттардың алдын алды.  Ақаулардың төртеуі бүйір рамасының сызаты, қалған төртеуі роликтік буксалардың бұзылуы болды. КТСМ құрылғысы бар. Бірақ бұл ақаулықтарды вагон қараушылар құрылғы көмегінсіз  өздері анықтап отыр, – дейді қосын бастығы.    Оның айтуынша, қараша айы бойынша жөндеуден өткен транзиттік пойыздар саны – 788 болса, оның ішінде өздері құрастырғаны – 96, сондай-ақ 218 жолаушылар пойызы бар,  барлығы  1113 пойызды құраған.  Вагонмен есептегенде бұл – 52 245 вагон болады екен. Ағымды ағытып жөндеуден бір күнде 6-7 вагон жөнделетін көрінеді.

   Ұлан ОРАЗ

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК