Ерман Әбдиев, Жамбыл
Қарт теміржолшыларға пәтер сыйлады
Оқуға 1 мин
Жаңа жыл аймақтағы теміржолшылар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Қос ардагер теміржолшылар Базарбай Бүрбаев пен Тиморян Шангараев жаңадан бой көтерген «Арай-2» ықшамауданнан пәтер алды.
Бүгінде саусақпен санаулы қалған соғыс ардагерлерінің екеуіне пәтер кілттерін табыс еткен облыс әкімшілігі тоқсанның төріндегі Базарбай Бүрбаев пен ғасыр жасаған Тиморян Шангараевқа мықты денсаулық, қамсыз-мұңсыз қарттық тіледі. Өз кезегінде «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Жапонияны жеңгені үшін» медалінің иегері Базарбай Бүрбаев жаңа жыл қарсаңында осындай сый жасаған облыс әкіміне жүрекжарды алғысын жетізді. « Осы 92 жылдық ғұмырымда қиыншылықты көп көрдім. Біздің балалық шағымыз ашаршылық, репрессия сынды аса бір қасіретті, зұлматты жылдармен тұспа-тұс келді. Ел басына күн туғанда қару алып, майданға аттандық. Бүгінгі күнге жеткен де, жетпеген де бар, бізге осы күнді қызықтап, құрметті көру бұйырған екен. Ризамын. Әуелі елімізді дамудың даңғыл жолына бастап, қашанда халық қамын күйттеген Елбасыға шексіз алғыс. Ел басқарған азаматтарға рахмет!», деді қария.