Жуырда Семей жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Семей станциясында деструктивті діни ағымдардың зайырлы қоғамға келтірер зардабы және діни радикализм мен экстремизм көріністерінің алдын алу мәселелері тақырыбында қызғылықты әрі танымдық жиын өтті. Басқосу барысында аталмыш тақырыпта кең көлемде түсінік беріп өткен ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының ақпарат тарату тобының маманы Дарын Садықов дәстүрлі діндер мен ұлттық танымға жат діни ағымдардың сипат-айырмашылығы жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, деструктивтілік, діни экстремизм идеяларын жақтаушылардың сипаттары, терроризмнің негізгі себептері туралы да толыққанды мағлұмат берді. Теолог әсіресе жастарды діни радикализм идеяларынан сақтандыру мақсатында бірінші кезекте отбасындағы ата-ана рөліне, жанұядағы тәрбиеге де баса көңіл бөлу керектігін айтты. Жиын барысында заңсыз миссионерлік әрекеттердің салдарынан жауапқа тартылатынын, діни уағызды ғаламтордан іздеудің қатерлілігі туралы да жеткізді.   Бүгінгі таңда жақындары деструктивті жат ағымдар ықпалына түскен немесе осы тарапта сауалдары бар тұрғындар үшін арнайы сенім телефоны ашылып,  аталмыш мәселе төңірегінде мамандар кеңесіне жүгінуге, толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік туып тұр.   – Мұндай берері мол шаралар алдағы уақытта мамандардың қатысуымен өткізіле беретін болады. Бұл қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына, діни құндылықтармен астасқан тарихи санамыздың тұнық болуына, салт-дәстүрге деген құрметіміздің арта беруіне бірден бір себеп, – дейді аталмыш шараны ұйымдастырушылардың бірі Семей ЖТ бөлімшесінің лаңкестікке қарсы күрес және азаматтық қорғаныс бөлімінің инженері Мадина Жұмабаева.    

Қуаныш Қожаев, Семей