Ахмедияр Пірімбетов, Қызылорда темір жолының ардагері

- Тоқсаныншы жылдары тек  теміржолда ғана емес,  еліміздегі барлық сала үшін қиын жағдай қалыптасты. Бұрын бірі жабдықтап, бірі жеткізіп тұрған  байланыстар үзілгесін, әркім өз бетінше күн көру қарекетіне кірісті. Теміржол – тар жол, тайғақ кешудің сан түрімен бетпе -бет келсе де пойыздар тоқтаған жоқ, жүк және жолаушылар тасымалданып жатты.  Сол жылдары теміржолда нағыз патриоттар жұмыс істеген сияқты маған, уақытпен санаспай, жалақыны -жылдап көрмесек те жоқтан бар жасаудың неше түрін игеріп, өндірісті тоқтатпадық. Өнертапқыштың неше атасы сол кезде болды. Ол кезеңде мен жұмыс жасаған мекеме бүгінгі «Теміржолсу-Қызылорда» -  сол кезде де жол бойындағы теміржол нысандарын ауыз сумен жылумен қамтамасыз ететінбіз. Мекеме жанынан құрал-жабдықтарды, бөлшектерді жөндейтін цех ашып, онда су құбырларына керекті бұрма, жалғағыш құбырлар, түрлі көлемдегі сорғылардың сан-алуан тетіктері, ысырма бөлшектері дайындалды. Бүгінгідей пластик құбырлар қайда,  жылу мен ауыз су жүйесіне темір тұрбаларды пайдаланамыз. Ал ол темір дәнекерлеушілердің шеберлігіне байланысты дайындалатын. Бүгінде міне, сол қиындықтың бәрі артта қалып,  тіпті көмірдің орнына газ тұтынып отырмыз. Қолмен атқарылған жұмыстардың басым бөлігі тек бір тетікті басып қосу арқылы атқарылып, барлық сала автоматтандырылды. «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы қолға алынып, шалғай бекеттерге дейін таза ауыз су жеткізіліп жатыр. Осының бәрі қасиетіңнен айналайын Тәуелсіздіктің жемісі емей, немене?!