Депоны отыз жылға жуық басқарған білікті маман

ҚТЖ келбеті
12.01.2023, 15:36
Суретті түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Бір мекемені отыз жылға жуық басқару үшін адамға талант, білім мен талап, асқан төзімділік те керек шығар. Оның үстіне ол шағын да емес, әжептәуір жауапты шаруашылығы мен қаншама нысаны бар алып мекеме болса. Жақында ғана зейнеткерлік демалысқа шыққан Сәрсенбай Есенқұлов осындай, Маңғыстау вагон пайдалану депосын отыз жылдай тізгінін ұстаған жан. Вагон жөндеушіден бір аймақтың вагон депосының директоры лауазымына, Құрметті теміржолшы деңгейіне дейін көтерілген теміржолшы.  

Сәрсенбай ағаның ата-анасы путеец болыпты. Олардың сондай машақаты мол кәсіптің арқасында балаларын тәрбиелеп жеткізгенін көріп-біліп өскен бала Сәрсенбай да ата-анасынан табандылықты үйренеді. Тағдырын теміржолмен байланыстыруға бел буады. 1976 жылы мектепті тәмамдап, келер жылы бірден жұмысқа орналасады. Бейнеудегі Атырау вагон пайдалану депосына қарасты техникалық қызмет көрсету пунктіне вагон жөндеуші болып келеді.  Бір жылдан соң әскерге аттанады. Елге келіп жұмысына қайта оралады. 1982 жылы жаңадан құрылған жастар комсомол бригадасына басшы етіп сайланады. Көп ұзамай Алматы теміржол институтына сырттай оқуға түседі. Жұмысы жоғарылап, ТҚКП шебері болып ауысады. Шебер болып көп жүрмейді. Жас болса да өзін  мойындата білген оны төрт жылдан кейін ТҚКП басшысы етіп қояды. Жас келсе іске, демекші бұл міндетті де мүлтіксіз атқарып жүргенін көрген басшылық 1992 жылы оған Маңғыстау вагон депосы бастығының Бейнеудегі орынбасары жұмысын тапсырады. Араға үш жыл салып Маңғыстау вагон депосының бастығы қызметіне тағайындайды. Сонан өткен жылдың соңына дейін осы міндетті абыроймен атқарады.  

Жұмыстағы жетістіктері үшін түрлі марапаттың иегері атанады. 2004 жылы Қазақстан теміржолы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін, 2012 жылы Құрметті теміржолшы атағын алады. 2008 жылы «Үздік басшы» атанса, былтыр үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне тағады. Мерекелік медальдары әрине өз алдына. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. 2007 жылы ашылған Мұнайлы ауданында мәслихаттың алғашқы шақырылымына депутат болып сайланып, 12 жыл бойы аудандық мәслихаттың үш шақырылымына қайта сайланып, белді депутаттардың бірі болады.  

Отбасылық өмірде де үлгілі әке, сүйікті жар ретінде өзін көрсетеді. Жұбайымен бірге бір ұл мен үш қызды жеткізеді. Ұлы бүгінде осы депода вагон қараушы.

Жалпы, С.Есенқұловтың Маңғыстау теміржолында қалдырған қолтаңбасы бөлек, артында өлшеусіз еңбек жатыр. Бірге еңбек еткен замандастары мен әріптестерінің айтуынша, түбек теміржолымен өткен Гиннестің рекордына кірмей қалған заңғар  жүк тасымалында да ол кісінің есімі ерекше аталады. Алып жүктерді алып жүретін вагондардың қауіпсіздігіне жауап беретін мекемені басқарғандықтан ол жағдайды да абыроймен еңсеріп шыққан. Жаңа депоның өркендеуіндегі, жаңа жолдардың салынуындағы, Өзен мен Болашақтың ортасындағы пайда болған қауіпсіздік бекеттеріндегі жұмыстарын жандандыруға күш салған. Бейнеу-Шалқар жолындағы Бейнеуден Тассайға дейінгі аралықтағы вагон шаруашылығындағы қауіпсіздік бекеттеріндегі жұмыстарды ұйымдастырған. Онан басқа қауіпсіздік бекеттеріндегі біраз ескі қауіпсіздікке байланысты қондырғылардың жаңартылуына себепші болған. Атынан қалмай айта жүріп вагон депосындағы қазіргі екі қабатты ғимаратының салынуына мұрындық болған. Кезінде деподағылар ТҚКП ғимаратында отырған екен. Бейнеу, Маңғыстау ТҚКП-дегі вагон жөндейтін цехтардың жұмыстарын жандандыруға, басқа да пункттердегі пойыздар құрамына қызмет көрсететін УЗоД қондырғыларын салуда біраз еңбек сіңірген.  

– Сәрсенбай Есенқұловты көп жылдан бері танимын. Содан бері бір салада, Маңғыстау теміржолы үшін еңбек етіп келе жатқандықтан ол кісінің тек қана еңбек жолын емес, ғұмыр жолынан да хабарым бар. Өнегелі тағдыр иесі. Депоға өрімдей жас болып кіріп, қазір әрқайсысы бір-бір бағыттың тұтқасын ұстап отырған көп теміржолшының ұстазы. Жұмысына адал, нағыз берілген адам. Түбек теміржолына сіңірген еңбегі бір төбе. Маңғыстау вагон депосы депо болғалы соңғы отыз жылға жуық уақытта жүзеге асқан көптеген оң өзгерістердің ұйытқысы бола білген басшы. Жұмыста төрт жүзден астам адамның жұмысын үйлестіріп, вагон шаруашылығынан шашау шықпай,   түбек теміржолымен өтетін әрбір вагонның қауіпсіз өтуі үшін барын салды. Басқарудағы өзіндік ұстанымы бар, біліктілігі мен тәжірибесі ұштасқан, қарапайым жұмысшыдан еңбегімен ғана көтерілген теміржолшы. Сондықтан өз атымнан және Маңғыстау теміржолы ұжымы атынан еңбегіне алғыс айтып, шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы өміріне тек қана игі тілектерді тілеп қаламыз, – дейді ол туралы Маңғыстау қосалқы бөлімінің бастығы Нәжімеден Ғұбашов.    

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, дегендей ағамыз шынымен де тұлғасы бөлек, көп қырлы, бір сырлы жандардан екен. Жас күнінен бастап спортқа жақын болыпты. Футбол мен үстел теннисін ойнауға ықыласы ерекше және бұл оның бос уақыттағы сүйікті ісі. Кітап оқу мен тарихи деректерді білуге де өте құштар. Тағы бір ерекше мән беріп, ескерген нәрсесі – депо жастарынан құнды кадрларды даярлау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Бұл жөнінде айтқанда бүгінде депоның жұмысын жүргізіп отырған белді мамандардың біразының атын мақтанышпен атап, олардың жұмысқа қалай келіп, қалай қалыптасқанының бәрі көз алдында өткенін, ақыл-кеңесін беруге аянып қалмағанын жеткізді.      

– Маңғыстау вагон депосы басқа өзге деполардың ішіндегі алдыңғы қатардағылардан есептеліп келді. Тағы бір айырмашылығымыз мемлекетаралық шекаралық түйістікпен жұмыс істейтініміз. Ол Өзбекстанмен ортадағы Оазис станциясындағы, Болашақ станциясындағы Түркіменстанмен қабылдап алу пункті және екі теңіз портымыздың бар екені. Сондай жерлерде халықаралық бағыттармен жұмыс істеу оңай емес, бірақ біз оның бәрін жолға қойдық. Оның бәрі біздің теміржолшылардың еңбегі. Еңбек бәрін де жеңеді. Оған көзім талай рет жетті. Өз тәжірибеме сүйенсем жұмысыңа адал ниетпен берілген жағдайда ғана басқа мәселелерді ұмытып, жетістікке жетесің. Өзім бір жұмысты бастамас бұрын соны шын жүрегіммен қабылдап, дұрыс атқаруды ойлаймын.  Сол кезде ғана оның нәтижесі болады. Нәтижеге жеттім де. Жас буынға да осыны айтып отырамын. Жұмыста түрлі кедергілер, түрлі адамдар болады. Сондай жағдайларда ешкімге кектеніп, артын қумай, кешіріп, алға жүру керек. Содан шығар, шукір, абыроймен зейнетке жеттік, – дейді  С. Есенқұлов.

 

Қауіпсіздік
24.08.2026
Қауіпсіздікке талап қашан да жоғары
Әлеумет
24.08.2026
Жамбылда 235 бүлдіршінге мектеп құралдары берілді
Жаңалықтар
24.08.2026
ҚТЖ Trip Optimizer және Kinetix-ті қолдануды кеңейтеді
Трансформация
24.08.2026
Олжас Бектенов көлік саласының трансформациясын тексерді
Жаңалықтар
24.08.2026
Қазақстан теміржол транзитін рәсімдеуді алты есе жылдамдатты
Жүк тасымалы
24.08.2026
Биыл ҚТЖ желісімен 184,4 млн тонна жүк тасымалданды
Жаңалықтар
24.08.2026
Қараусыз қалған мал жүк пойызының шұғыл тежелуіне себеп болды
Аймақтар
24.08.2026
Павлодарлық теміржолшылар жас спортшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Аймақтар
23.08.2026
Ақтөбе вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
23.08.2026
Қостанай облысында Тобыл вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
21.08.2026
Арыс станциясында болашақ жүргізушілерге машинист көзімен темір жол көрсетілді
Жолаушылар тасымалы
21.08.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» пойызының қатынау мерзімін жыл соңына дейін ұзартты
Трансформация
21.08.2026
Машинажасау саласы қалай дамуда?
Инфрақұрылым
21.08.2026
Жетіген – Құрөзек: екі учаске жаңғыртылды
Аймақтар
21.08.2026
Шу теміржолшылары мен полиция бірлескен рейд өткізді
Аймақтар
21.08.2026
Атырауда «Қауіпсіз өткел» акциясы аясында 8 өткелде рейд өтті
Аймақтар
21.08.2026
Үздік вагон депосы – Маңғыстауда
Аймақтар
21.08.2026
Шалқар жол дистанциясы аумағында жыл басынан бері 5 мал басу оқиғасы тіркелді
Әлеумет
21.08.2026
Білім күніне базарлық
Әлеумет
21.08.2026
Есте қалатын ерекше күн