«Жас үздік маман – 2025»: Теміржолдағы жаңа буын көшбасшылары

ҚТЖ келбеті
10.10.2025, 10:03
Әділет Мұсахаев

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің тілшісі

Еліміздің көлік инфрақұрылымының басты күре тамыры саналатын теміржол саласында жыл сайын жаңа буын жас мамандар өсіп келеді. Солардың кәсіби әлеуетін арттыру, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және үздіктерді анықтау мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бесінші жыл қатарынан «Жас үздік маман» республикалық кәсіби байқауын өткізді, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Биылғы байқау Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы кәсіптер жылы аясында ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінен ең үздік жас теміржолшыларды Астанаға жинады.

Іс-шараны ҚТЖ аппараты басшысының м.а. Ерлан Амандықов пен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Асан Үмбетов ашып, жастардың кәсіби өсімі мен тәжірибе алмасуындағы мұндай байқаулардың маңызын атап өтті.

Сынақ пен сын – шыңдалуға мүмкіндік

Республикалық кезеңге дейін әр өңірде аймақтық турлар өткен. Соның нәтижесінде үздік шыққан қатысушылар ғана Астанаға жолдама алған. Олар бес негізгі мамандықты ұсынды:

Жол шебері

Жолаушылар вагонының жолсерігі

Тасымалдау құжаттарын өңдеу жөніндегі оператор

Жылдамдық өлшегіш таспаларды тарқату жөніндегі инженер

Вокзал бойынша кезекші

Қатысушылардың барлығы — 35 жасқа дейінгі теміржолшылар. Бұл жас шектеу бекер емес: байқау ең алдымен жастардың қабілетін ашуға және кәсіби өсуге ынталандыруға бағытталған.

8–9 қазан күндері өткен байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші күні қатысушылар теориялық сынақтар тапсырып, компьютерлік тест арқылы өз саласы бойынша білімін дәлелдеді. Ал екінші күні теміржол нысандарында практикалық тапсырмаларды орындады.

Байқау кезінде тәжірибелі сарапшылар мен өндіріс ардагерлері қатысушылардың жұмысын бақылап, нақты жағдайдағы шешім қабылдау қабілетін, еңбек мәдениетін және қауіпсіздік ережелерін сақтау деңгейін бағалады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік саясат департаментінің менеджері Ержан Жаналиевтің айтуынша, байқаудың басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыру және қоғамдағы еңбек адамының беделін күшейту.

«Теміржол – техникалық тәртіп пен дәлдікті талап ететін сала. Мұндағы әрбір шебердің еңбегі – ел экономикасының ілгерілеуіне үлес. Сол себепті біз жұмысшы мамандықтарына жаңа көзқарас қалыптастырғымыз келеді. “Жас үздік маман” – соның бір жарқын дәлелі», – деді ол.

Байқауға қатысушылар сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білідіріп, Оқу орталығының аумағына ағаш отырғызып экологияны тазартуға өз үлестерін қосты. 

Жеңімпаздар мен үздік нәтижелер

Қорытынды кезең марапаттау рәсімімен аяқталды. Байқаудың барлық қатысушыларына алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді, ал үздіктер арнайы дипломдармен және естелік белгілермен марапатталды.

«Вокзал бойынша кезекші» аталымында:

🥇 Зәмзәгүл Қарақұлова (Арал теңізі станциясы)

🥈 Еркебұлан Қасымхан (Алматы-1)

🥉 Әйгерім Қайнарқызы (Жаңа Семей)

«Жол шебері» аталымында:

🥇 Жалғас Якубов (Қызылорда жол дистанциясы)

🥈 Бауыржан Қыпшақбаев (Қазалы жол дистанциясы)

🥉 Ерасыл Адайбек (Алтынкөл жол дистанциясы)

«Тасымалдау құжаттарын өңдеу жөніндегі оператор» аталымында:

🥇 Екатерина Мухина (Павлодар станциясы)

🥈 Софья Плясунова (Өскемен станциясы)

🥉 Әмина Игембердиева (Үштөбе станциясы)

«Жылдамдық өлшегіш таспаларды тарқату жөніндегі инженер» аталымында:

🥇 Аяужан Асқарқызы (Қызылорда жүк тасымалдау бөлімшесі)

🥈 Айдана Төлеуханова (Алматы жүк тасымалдау бөлімшесі)

🥉 Ақмарал Жақаева (Жамбыл жүк тасымалдау бөлімшесі)

«Жолаушылар вагонының жолсерігі» аталымында:

🥇 Юлия Волокитина («Жолаушылар тасымалы – Экспресс» АҚ)

🥈 Әрсен Қайрат

🥉 Қайнар Үшкемпір

«Теміржол – өмірлік мектеп»: Жас мамандардың пікірі

Жеңімпаздардың бірі, Қызылорда жол дистанциясының шебері Жалғас Якубов бұл байқаудың жас теміржолшылар үшін ерекше мүмкіндік екенін айтады.

«Байқау барысында өзімді жаңа қырдан таныдым. Бірінші күні тест сұрақтары күрделі болды, кейбірі өндірістегі сирек кездесетін жағдайларға арналған. Ал екінші күні тәжірибелік тапсырмаларда нақты шешім қабылдау қабілетіміз сыналды. Осындай байқаулар бізді дамуға, үздік болуға итермелейді», – дейді ол.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ соңғы жылдары кадр саясатына ерекше назар аударып отыр. 2023 жылдан бері қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған «ҚТЖ Академиясы» жұмыс істейді. Бұл орталықта жыл сайын мыңдаған маман қайта даярлаудан өтеді.

Сонымен қатар компания өндірістік қауіпсіздік, автоматтандыру және цифрлық технологиялар бойынша халықаралық серіктестермен бірлесіп оқыту бағдарламаларын енгізуде. Жастарды тарту үшін колледждер мен техникалық университеттермен дуальды білім беру жобалары іске қосылған.

«Жас үздік маман» байқауы – тек кәсіби сайыс емес, ол еңбектің қадірін ұғындыратын, теміржолшылардың бірлігін арттыратын маңызды дәстүрге айналды.

Бұл байқауда жеңіске жеткен әрбір жас – өз аймағының, өз ұжымының мақтанышы. Ал олардың табысы – ел көлігі мен логистикасының болашағының кепілі.

Жаңалықтар
30.09.2026
Құрық порты мен Xi’an Free Trade Port ынтымақтастықты талқылады
Жолаушылар тасымалы
30.09.2026
ҚТЖ-ның туристік пойыздарымен 2,3 мыңнан астам жолаушы саяхаттады
Жаңалықтар
30.09.2026
Ақтау порты контейнер тасымалын ұлғайтады
Жаңалықтар
30.09.2026
Ақтөбе вокзалында вандализмге қарсы рейд өтті
Әлемде
30.09.2026
Беларусьте алғашқы жүргізушісіз трамвай іске қосылмақ
Жаңалықтар
29.09.2026
ҚТЖ кибершабуылдарға қарсы өз AI жүйесін таныстырды
Жүк тасымалы
29.09.2026
Еліміздегі ЖЭО-ларға 41 мың вагон көмір тасымалданды
Инфрақұрылым
29.09.2026
Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы аяқталу сатысында
Жүк тасымалы
29.09.2026
Қазақстан астығы қай елдерге жөнелтіліп жатыр?
Жүк тасымалы
29.09.2026
Қазақстанда астық тасымалы 13-ға өсті%
Аймақтар
29.09.2026
Атырау теміржолында қай учаскелер аса қауіпті?
Трансформация
29.09.2026
Екі адамның жұмысын енді бір теміржолшы атқарады. Қандыағашта жаңа құрылғы қолданылуда
Жаңалықтар
29.09.2026
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өткелдердегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Жүк тасымалы
29.09.2026
Бір ғана Қызылордаға 108 вагон көмір жеткізілді
ҚТЖ келбеті
29.09.2026
Абырой биігіндегі алпыс
Әлеумет
29.09.2026
Теміржолшы жастар инклюзияны қолдауға атсалысты
Жаңалықтар / Мұрағат
29.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №77 29 қыркүйек 2026 жыл
Трансформация
28.09.2026
Теміржолдың болашағы Берлинде таныстырылды
ҚТЖ келбеті
28.09.2026
«Үздік еңбек әулеті» – Аягөзде
Жаңалықтар
28.09.2026
Теміржолшылар «Мөлдір бұлақ» акциясына атсалысты