Соңғы он жылдың ішінде Семей теміржолында бірқатар тың жобалар қолға алынып, оң нәтиже берді. Әсіресе жүк тасымалын ұйымдастырудағы «қанатқақты» жобалар аз уақыт ішінде жетілдіріліп, үлкен тәжірибеге айналды. Соның ішінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ бойынша эксклюзивті көліктік-логистикалық қызмет көрсету жүйесін дамытуда алғаш рет Семей теміржолында қолға алынған «шаттл» пойызын айрықша атап өтуге болады.
Жүк тасымалының орасан бөлігін көмір тасымалы жабатын Семей теміржолы үшін логистика саласындағы мұндай жаңашылдықтардың берері мол болды.
2015 жылы тораптық Жаңа-Семей станциясында құрастырылған алғашқы «шаттл» пойызының салмағы 4,500 тоннаны құрады. Осылайша, шаттл жүйесіндегі ауыр салмақтағы жылжымалы құрамдарды құрастырып жолға шығару ісіне кеңінен ден қойыла бастады. Бұл дегеніміз жүкті белгіленген тұрақты кестемен және жоғары жылдамдықпен жеткізетін тиімді логистикалық жобаның бастамасы болатын.
Алғашқыда процестер оңайға соққан жоқ. Себебі біріншіден жолдың балдық сапасы жоғары болуы тиіс еді. Сонымен қатар жаңа жүйе бойынша пойыздар қозғалысының жұптық негіздегі жоспар-кестесін әзірлеу қажет болды. Логистика және жүк тасымалын ұйымдастыру бөлімі мен қозғалысшылар бірлесіп қолға алған шаралар көп ұзамай нәтижесін бере бастады. Себебі Семей – Алматы-1, Семей – Астана, Ақтөбе – Семей бағыттары бойынша қатынаған «шаттл» пойызы коммерциялық тұрғыдан алғанда зор экономикалық тиімділік әкелді. Бірінші кезекте клиенттер саны күрт артса, екіншіден тасымалданатын жүк көлемі мен экономикалық тиімділік артты. Алғашқы үш жыл қатарынан Семей теміржолы көш басынан табылды.
Тоқтала кетсек, «шаттл» дәл жолаушылар пойызының жүріс тәртібін қолданады. Жүктер аралық станцияларда ұзақ бөгелмей, тікелей және жедел жеткізіледі. Бұл ретте контейнерлік вагондар тасымалына жаңа жүйені енгізу ерекше тиімділік әкелді. Мұндай пойыздар Семей бөлімшесі бойынша тәулігіне 800 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, сол жылдары рекордтық көрсеткіш орнатты.
Бөлімшенің басты әріптестері «Қаражыра» АҚ мен «Семей цемент зауыты» ЖШС «шаттл» пойызына қуана қол соғып, игілігін көруге кірісті. Мұнымен қоса, өндіріске жаңа жүйенің енгізілуі жүкті автокөлікпен тасымалдауды қысқартып, «Семей машина құрастыру зауыты» АҚ, «Семей силикат зауыты» АҚ сынды алпауыттар да теміржолға бет бұрып, тапсырысты еселеді. Осылайша «шаттл» пойызын құрастырып, жөнелту аясы әлдеқайда кеңейді. Дегелең мен Локоть, Семей станцияларында да қолға алына бастады. Жүк пойыздарының салмағы артып, 6200 тоннаға дейін жеткізілді.
– Тәжірибе көрсеткендей, «шаттл» пойызының станция басындағы маневрлік жұмыстар үшін пайдасы орасан болды. Тастанды пойыздардың қалыптасуына жол бермей, станциялық жолдарда іркіліс туғызбауға да зор септігін тигізді. Яғни эксклюзивті көліктік-логистикалық қызмет көрсету жүйесінің жаңа жобасы сенімді ақтады, – дейді бұл ретте Семей станциясының бас инженері Бекзат Кәрімханов.
Бүгінгі таңда «шаттл» пойызы теміржол қызметі үшін таңсық емес. Өндіріске тың серпіліс әкелген жүйе дамытылып, қызметтік ауқымы кеңейді. Қазіргі таңда көбінесе халықаралық транзитте және интернет-дүкендер мен коммерциялық жүктерді жедел жеткізу үшін кеңінен қолданылады. Трансқазақстандық дәлізде де жүк айналымын жеделдету үшін белсенді түрде енгізілген. Транзиттік тасымалда уақыт ұту үшін мейлінше тиімді болып отыр. Мысалы, Қытайдан шыққан жүктер шаттл-сервис арқылы Грузия немесе Түркия порттарына дәстүрлі жолдармен салыстырғанда әлдеқайда жылдам жетеді. Демек, бір жылдары Семей теміржолында «қанатқақты» жоба ретінде қолға алынған жүйе бүгінде халықаралық көлік дәліздерін кеңейтіп, еліміздің көліктік-логистикалық қуатын еселеп арттыруға орасан үлес қосуда.