Түбек теміржолының зейнеткерлері жаңғыртудан өткен «Маңғыстау» вокзалында кездесті. «ҚТЖ» ҰК» АҚ ардагерлер кеңесінің аймақтағы төрағасы Үсен Имашов ұйымдастырған басқосуда зейнеткерлер жаңа вокзал ғимаратын аралап көру мүмкіндігіне ие болды.
Келбеті келіскен су жаңа нысандағы кездесуге он бес шақты ардагер қатысты. Жиынға Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі директоры Қарақат Жақанов, Маңғыстау жүк тасымалы филиалы директоры Ерназар Ізтұрғанов, Орталық кәсіподақтың өңірдегі өкілі Сәрсенбай Есенқұлов және Маңғыстау вокзалының бастығы Айгүл Әмірова мен вокзал ұжымы қатысты. Басшылық өкілдері түбек теміржолының түрлі саласында қызмет етіп, оның дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге жылы лебізін арнап, мұндай жандардың еңбегі ескерусіз қалмайтынын тілге тиек етті.
Ардагер теміржолшылардың ішінде біраз жыл вокзал басшысы болып, ғұмырының көп жылын вокзал жұмысына арнаған Бақыт, тоқсанның төріне шыққан Зинеш, Тілектес апайлармен қатар вокзал шаруашылығында көп жыл еңбек еткен кассирлер мен кезекшілер, вагон, жол және байланыс салаларында жұмыс істеген зейнеткерлер болды.
– Ардагер теміржолшылар темір жолда болып жатқан жақсы жаңалық, әр жетістікке қуанып, кезінде өздері қызмет етіп, бүкіл өмірін арнаған шаруашылық жұмысын бүгінгі ұрпақтың қалай атқарып жүргеніне бейжай қарай алмайды. Қашанда жақсылыққа тілеулес. Бүгін біз Маңғыстау станциясындағы жаңа вокзалымызды көрсетіп, қарияларымызды қуантып, Республика күніне арналған мерекелік марапаттарымызды табыстадық. Оларға «Құрметті ардагер теміржолшы» төсбелгісі, Орталық ардагерлер кеңесінің, облыс әкімінің Алғыс хаты мен магистральдық желі бөлімшесі директорының Құрмет грамотасын табыстадық, – дейді аймақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Үсен Имашов.