Қазақстан темір жолында ұзынқұрамды контейнерлік пойыздар қозғалысын жандандыру, жүк және жолаушы тасымалы кезінде осындай пойыздардың станциялық жолдарға сыймай қалмауы үшін Қызылорда теміржолында 800 метрлік станция жолдарын 1650 метрге дейін ұзарту жобасы жалғасып жатыр.
– Бұл жоба Компания мен Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі басшылығының ұйымдастырумен аймақта алғаш рет іске асырылды. Станция жолдарын жаңғырту 2020 жылдары басталды әрі бұл өңірде бұрын-соңды болмаған, бірінші рет қолға алынған бастама болатын. Бөріойнақ, №20-бекет және Керкелмес станцияларында жол ұзартылды. Қазіргі таңда да жалғасын тауып, іске асырылып жатыр. Мысалы, бүгінде Сексеуіл станциясы жолдарын модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Берік Бекжанов.
Жолдарды ұзарту жұмысы келісімшарт негізінде жүргізілгенімен кей тұстарда негізгі күш жергілікті теміржолшыларға да түскен. Мәселен Керкелмес станциясындағы негізгі 1-жолды ұзарту жұмысына Қызылорда қалпына келтіру пойызының ЕдК-300/2 краны жұмылдырылған. Жолды ұзарту жұмысы барысында станция жолдарында ішкі және кіріс-шығыс бағдаршамдары, бағыттамалық бұрма құрылғылары, желі жалғастырғыштары, байланыс желілері арнайы құрылғылармен тексеріліп, түгел бақылаудан өткізіледі. Сонымен қатар жаңадан ұзартылып салынған жолдарға қиыршық тас төселген соң арнайы жол машиналарының көмегімен технологиялық талапқа сай бабына келтіріледі.
Ал бөлімшенің солтүстігіндегі Сексеуіл станциясын модернизациялау мақсатында жүргізіп жатқан жұмыстар ауқымды. Қазіргі таңда 7 станциялық жол решеткалары салынып, болашақта пайдалануға берілетін «Б» паркінің негізгі сұлбасы жасалынуда. Осы жоба қолға алынғалы бері станция жолында 47 дана СП-6М маркалы бағыттамалық бұрма, 6 маршруттық, 34 маневрлік бағдаршам, 10 шығыс, 3 кіріс бағдаршамы орнатылған.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар станцияларда атқарылатын өндірістік жұмыс ауқымын кеңейтіп, пойыздар қозғалысын кідіріссіз өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.