ҚР Үкіметі отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын трансформациялау бойынша алдағы жоспарлармен бөлісті.  

Сала министрінің айтуынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ны ұлттық көліктік-логистикалық компанияға трансформациялау шеңберінде бірқатар жайттар ұсынылып отыр. Атап айтқанда, құжаттармен үздіксіз алмасуды, халықаралық нарықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін «Бірыңғай цифрлық дәліз» құра отырып, «тар жерлерді» жою, үйлестіру арқылы әлемдік көлік-логистикалық компаниялармен бірігу; PSA-мен бірлесіп көлік дәліздерін цифрландыру; сондай-ақ, Иран, Әзербайжан, Грузия және Түркия порттарында сыртқы терминалдық дәліздер құру іске аспақ.  

Сонымен қатар корпоративтік шешімдерді қабылдауға, тарифтік саясатты келісуге және операциялық қызметті арттыруға қатысу арқылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның операциялық қызметінде мемлекеттік реттеуді күшейту жоспарланған. Сондай-ақ, көлік-логистика саласын одан әрі дамыту үшін ғылыми-қолданбалы әзірлемелердің ұлттық базасын құруға ниетті. Аталған іс-шараларды іске асыру Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында бекітілмек.