Екі адамның жұмысын енді бір теміржолшы атқарады. Қандыағашта жаңа құрылғы қолданылуда

Трансформация
29.09.2026, 09:23
Суреттерді түсірген автор
Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінде операциялық қауіпсіздік бойынша «Үздік тәжірибелер» байқау-семинары өтті. Оған Ақтөбе, Орал, Шалқар және Қандыағаш тораптарынан топ құрып келген теміржолшы мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасумен қатар, білімдері мен кәсіби шеберліктерін ортаға салды.

Қатысушылар іскерлік ойындар, өндірістік кейстерді талдау, блиц-сауалнама және «Үздік ұсыныс» тақырыбы бойынша ой жарыстырып, әсіресе күнделікті өндірісте кездесетін нақты жағдайларды талқылауға ерекше мән берілді.  

Қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Ардақ Рсалиннің айтуынша, мұндай шаралардың негізгі мақсаты – болған оқиғаны ғана саралау емес, оның түпкі себебін анықтап, қайталануына жол бермеу.  

– Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әрбір жағдайдан сабақ алу маңызды. Сондықтан бұзушылықтың себептерін анықтап қана қоймай, оның алдын алатын нақты шараларды қарастыруымыз қажет. Байқау барысында қызметкерлер өз тәжірибелерін ортаға салып, нақты кейстер бойынша шешімдерін ұсынды, – деді ол.  

Семинарда қозғалыс қауіпсіздігін талдаудың негізгі тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Мамандар қауіпсіздіктің қазіргі жағдайын бағалау, тәуекелдердің себептерін анықтау және олардың алдын алуға бағытталған шараларды әзірлеу мәселелерін талқылады. Соның ішінде «Бес неге?» әдісі мен Исикава диаграммасына назар аударылды. Бұл тәсілдер кез келген оқиғаның сыртқы себебімен шектелмей, мәселенің түпкі тамырына үңілуге мүмкіндік береді.  

Мәселен, жолдағы ақауларды дер кезінде анықтау тақырыбында қызу пікірталас болды. Ақау бақылаудан тыс қалған жағдайда оған кім жауапты? Қандай деңгейде бақылау күшейтілуі керек? Осы сауалдар төңірегінде мамандар өз ойларын ортаға салды. Жолды тексерушіден бастап жол шебері, учаске бастығы және оның орынбасарына дейінгі қызметкерлердің өзара жауапкершілігі сөз болды. Қатысушылардың ортақ пікірінше, қауіпсіздік ең алдымен әр маманның өз міндетін сапалы әрі белгіленген технологияға сәйкес орындауынан басталады.  

Қандыағаш станциясы басшысының бірінші орынбасары Мақсат Шәмішев байқауға білікті мамандардан құралған командамен келген.

– Әр маман – өз ісінің шебері. Байқаудағы тапсырмалардың көпшілігі күнделікті жұмысымызда кездесетін жағдайлар. Сондықтан бұл байқау біз үшін тәжірибе алмасудың, кәсіби деңгейімізді көрсетудің мүмкіндігі болды. Осындай сайыстардың тағы бір пайдасы – қасыңда жүрген әріптестеріңнің жаңа қабілеттерін ашуға жол береді, – деді ол.

Қандыағаштықтар «Үздік ұсыныс» кезеңіне екі рационализаторлық жоба ұсынды. Екеуінің де өзегінде адам қауіпсіздігі тұр. Біріншісі, саты-баспалдақтардың беріктігін динамометр күші арқылы тексеру кезінде қызметкердің жарақат алу қаупін азайту үшін арнайы қоршау және қашықтан басқару құрылғысын пайдалану қарастырылған. Екінші жоба вагон дөңгелегіндегі шленканы шешуге арналған құрылғыға қатысты. Бұған дейін екі адамның қатысуын қажет ететін жұмысты енді бір адам орындауына мүмкіндік беретін құрылғы Қандыағаш торабында қолданылып келеді.  

– Екі жоба да қазір біздің торапта пайдаланылуда. Енді осы тәжірибені басқа әріптестеріміз де қолданса деген мақсатпен ортаға ұсынып отырмыз. Өйткені мұндай ұсыныстардың басты нәтижесі – жұмысты жеңілдету ғана емес, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, – деді Мақсат Шәмішев.  

Кәсіби байқау барысында нақты өндірістік оқиғаларға негізделген кейстер де талданды. Мысалы, малдың тепловозбен соқтығысу жағдайы талқыланды. Мұндай кейстердің басты мәні оқиғаның жай-жапсарын айтып шығу емес, одан нақты қорытынды жасау.  

– Бұл – қатемен жұмыс істеу секілді. Осындай жағдай орын алғанда қандай әрекет маңызды екенін кейс арқылы түсінеміз. Өзімізге қорытынды жасап, мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін не істеу керектігін талқылаймыз, – деді Мақсат Шәмішев.  

Локомотив шаруашылығындағы өзекті мәселелердің бірі – жанармайдың сақталуы және локомотив бригадаларының технологиялық тәртіпті орындауын бақылау. Осы бағытта ақтөбелік мамандар бейнебақылауды кеңінен қолдану жөнінде ұсыныс білдірді.  

– Кейде жолға мал шыққанын дәлелдеу қиын болып жатады. Локомотивтің алдыңғы бөлігіне камера орнатылса, болған жағдайды нақты тіркеуге мүмкіндік болар еді. Бұл тәртіпті күшейтіп қана қоймай, даулы жағдайларды объективті бағалауға көмектеседі. Біздің ұсынысымыздың бірі – осы, – деді Ақтөбе локомотив пайдалану депосының аға машинист-нұсқаушысы Алмат Тәженов.  

«Үздік тәжірибелер» байқауының басты құндылығы – әртүрлі тораптан келген мамандар бір алаңда бас қосып, өз тәжірибелерімен бөлісті, өндірістік мәселелерді бірге талқылады. Бір жерде тиімді болған шешім екінші учаскеде де кәдеге жарауы мүмкін. Теміржолдағы қауіпсіздік – нұсқаулық пен талаптан ғана тұрмайды. Ол кәсіби біліктіліктен, жауапкершіліктен, өзара бақылаудан және әр қызметкердің «қауіпсіздік – менің жұмысымның ажырамас бөлігі» деген ұстанымынан қалыптасады.  

Байқау қорытындысы бойынша Шалқар командасы бірінші орынды алды. Орал мен Қандыағаш командалары екінші-үшінші орындарды бөлісті. Мұндай байқаулар ұжымдық мәдениетті нығайтып, тәжірибені нығайта түсетіні анық.  

 

Аймақтар
29.09.2026
Атырау теміржолында қай учаскелер аса қауіпті?
Трансформация
29.09.2026
Екі адамның жұмысын енді бір теміржолшы атқарады. Қандыағашта жаңа құрылғы қолданылуда
Жаңалықтар
29.09.2026
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өткелдердегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Жүк тасымалы
29.09.2026
Бір ғана Қызылордаға 108 вагон көмір жеткізілді
ҚТЖ келбеті
29.09.2026
Абырой биігіндегі алпыс
Әлеумет
29.09.2026
Теміржолшы жастар инклюзияны қолдауға атсалысты
Жаңалықтар / Мұрағат
29.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №77 29 қыркүйек 2026 жыл
Трансформация
28.09.2026
Теміржолдың болашағы Берлинде таныстырылды
ҚТЖ келбеті
28.09.2026
«Үздік еңбек әулеті» – Аягөзде
Жаңалықтар
28.09.2026
Теміржолшылар «Мөлдір бұлақ» акциясына атсалысты
Жолаушылар тасымалы
28.09.2026
Пойызға қандай заттарды алып кіруге болмайды?
Инфрақұрылым
28.09.2026
Бозшакөл станциясында бағыттамалық бұрмалардың жаңа конструкциясы қолданылды
Әлемде
28.09.2026
InnoTrans көрмесінде Luna түнгі пойызының тұжырымдамасы таныстырылды
Сұхбат
28.09.2026
Қазақстанда теміржол өнімдерін өндіру жеті есе өсті
Аймақтар
26.09.2026
Жезқазғанда теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
26.09.2026
Автоматика жүйесін жаңғырту жалғасуда
Аймақтар
26.09.2026
Желі бойында жүйткіген «жедел жәрдем»
Жаңалықтар
26.09.2026
ҚТЖ Әзірбайжан халықаралық инвестициялық форумында ТХКБ-ны дамыту перспективаларын ұсынды
Қауіпсіздік
26.09.2026
Ақтөбе бөлімшесінде 115 теміржол нысаны тексерілді
Жаңалықтар
26.09.2026
Тәжірибелі тәлімгер тағылымы