Қанат Әлмағамбетов: «Өтініш-шағымдарды екі есе төмендетуге қол жеткіздік»

Сұхбат
06.02.2026, 09:42
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Корпоративтік омбудсмен аппаратының жұмысы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және еңбек жанжалдарының алдын алуға бағытталған. Компанияның корпоративтік омбудсмені Қанат Әлмағамбетовтен 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар туралы білдік.

– Қанат Есмұханұлы, корпоративтік омбудсмен аппаратының өткен жылғы жұмысын қорытындылай отырып, теміржолшылар арасында қандай мәселелер жиі қозғалғанын байқадыңыз?  

– Алдымен Корпоративтік омбудсмен аппаратының қызметі Корпоративтік омбудсмен туралы ережеге сәйкес жүргізіліп, профилактикалық тәсілге, ашық диалогқа және қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін практикалық шешуге бағытталғанын және осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылғанын айтар едім. Жыл бойы корпоративтік омбудсмен ретінде біз еліміздің барлық өңірін аралап, филиалдар мен еншілес компанияларды, сондай-ақ негізгі станциялар мен өндірістік бөлімшелерді қоса алғанда, ҚТЖ-ның 55 ұйымының еңбек ұжымдарымен кездестік. Кездесу барысында қызметкерлермен тікелей әңгімелестік, оларға еңбек құқықтарын түсіндірдік, әсіресе басты назар еңбек жағдайларын, төлемдерді, әлеуметтік кепілдіктерді, медициналық қамтамасыз етуді және тұрмыстық мәселелерді талқылауға аударылды. Мәселенің едәуір бөлігі тікелей кездесулер барысында, яғни ресми өтініштер жазуға жеткізбей-ақ сол жерде шешілді.  

– Нақты дәйектерге тоқталып өтсеңіз, және өтініш, арыз-шағымдардың негізгі тақырыбы не дер едіңіз?  

– Мысалы, желі қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру негізгі мәселелердің бірі болды. Біз бұл мәселені орталық кадр қызметі аппаратымен бірлесіп, оны барлық негізгі тораптық станциялар бойынша, оның ішінде бекітілген дәріханалардан дәрі-дәрмек сатып алу мүмкіндігі бойынша шеше алдық. «Медикер» ЖШС және «Архимедиус» ЖШС-мен өзара іс-қимыл биылғы жылы да жалғасатын болады, бұл мәселеге осы ұйымдардың өңірлерде тағайындалған үйлестірушілерін жиі тарту қажет.  

Барлық өңірге тән тағы бір мәселе, штаттарды толықтыру болатын. Қазір жұмыс істеп тұрған рекрутинг жүйесі, бос лауазымдарға байланысты үміткерлерге қойылатын талаптардың белгіленген біліктілігі қызметкерлерді дер кезінде қабылдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде, жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің жұмыстан соң да қалып жұмыс істеуіне, жиі іссапарларға шығуына әкеліп отыр, ал мұның салдарынан жұмысшылардың денсаулығының нашарлауы, өндірістік процестердің уақытылы жүргізілмеуі, тағысын тағы жайттар қалыптасуда. Процедураларды жеңілдету қажеттілігін жергілікті басшылар да айтып отыр. Осыған байланысты қазір кадр қызметімен, басшылармен және мамандармен бірлесіп кадрларды неғұрлым жедел тарту (жалдау) және бекіту бойынша жағдай жасау жұмысы басталды. Бұл жұмыс – еңбекке қабілетті халықтың разъездер мен шағын елді мекендерден жаппай кетуіне байланысты да қажет болып отыр. 

Баспанамен қамтамасыз ету де өзекті проблеманың бірі еді, қазіргі уақытта бұл мәселе жекелеген өңірлерде шешімін тауып жатыр. Сонымен қатар бірқатар өтініш-шағымдарға байланысты Компанияның құрылымдық бөлімшелеріне тиісті шаралар қабылдау үшін: балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды жетілдіру, жаңажылдық сыйлықтардың сапасы мен ассортиментін арттыру, арнайы киіммен уақытылы қамтамасыз ету, жұмысшыларды жұмыс орындарына жеткізу сияқты мәселелер жолданып және оның көбісі оң шешілді. Сөз реті келгенде, соңғы жылдары компания басшылығының әлеуметтік ұстанымы, жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары, желі басшыларын оқыту және қайта даярлау, жергілікті жерлерден жолданған сұрауларға уақытылы ден қою оң нәтиже беріп жатқанын атап өткім келеді.  

– Демек, Корпоративтік омбудсмен аппаратына келіп түсетін өтініш-шағымдар да азайған шығар...  

– Иә, мәселен, 2025 жылы Корпоративтік омбудсмен аппаратына 123 өтініш келіп түсті, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Жоғарыда атап өткенімдей, кеңес беру және алдын алу жұмыстары айтарлықтай нәтиже беріп, арыз-шағым, өтініштердің тұрақты төмендеуіне қол жеткіздік. Атап айтқанда, өтініштерді қарау нәтижелілігі 97% асты; қайталанатын өтініштер саны 80% астам төмендеді, ал былтыр II және III тоқсандарда қайталанған өтініштер мүлдем болмады. 2025 жылы қызметкерлердің бес жылдық кезеңдегі өтініш-шағымдарына талдау жүргіздік. Талдаудан байқағанымыз, олардың жартысынан көбі жұмысқа орналасуға, қызметкерлерге қатысты дау-дамайға, ұжымдағы «жайсыз» жағдайларға және т.б. байланысты.

Бұл мәселенің шешімін біз профилактикалық жұмыстарды жүргізуде, ұжымдарда, кадрларды іріктеуді жақсартуда, осындай өтініштерге уақытылы ден қоюда көреміз. Жазбаша өтініштерден басқа, қызметкерлердің бір бөлігі бізге тікелей телефон немесе жеке өтініш арқылы жүгінеді, мұндай мәселелер оған қатысты толық ақпарат алуға байланысты өз шешімін тезірек тауып жатады. Жалпы, өткен жыл жұмысын саралай отырып, корпоративтік омбудсмен аппаратына тікелей жүгіну санының өскенін айтар едік, әлбетте, бұл қызметкерлердің сенімін білдірсе керек. Сондай-ақ жергілікті жерлерде орындаушылық тәртіп те артты, көптеген мәселелерді басшылар бізге жеткізбей, тікелей шешуге тырысып жатады.  

– Қанат Есмұханұлы, сөз соңында осы жылдың жоспарымен де бөлісе кетсеңіз. Қандай іс-шаралар межеленген?  

– 2026 жылы қызметкерлердің өтініштері бойынша келісу комиссияларының құрамына корпоративтік омбудсменді, сондай-ақ медиаторды қосу практикасы жүргізіліп, кеңейтілетін болады. Бұл іс-шара компания ішіндегі еңбек дауларын қарау рәсіміне объективтілікті, тәуелсіздікті және сенімділікті күшейтуге бағытталып отыр. Келісу комиссиясының құрамында корпоративтік омбудсмен мен медиатордың болуы даулы жағдайларды екі тараптың мүдделерін ескере отырып қарауға, қызметкер мен жұмыс беруші арасында сындарлы диалог құруға, сондай-ақ жанжалдың ерте сатысында өзара қолайлы шешімдерді табуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еңбек дауларын одан әрі шиеленістірмей, сот органдарына жүгінбей және сыртқы инстанцияларды тартпай, тікелей сол жерде реттеуге ықпал етеді. 

Тәжірибе көрсеткендей, бұл тәсіл жанжал деңгейін төмендетеді және қызметкерлердің өз құқықтарын қорғаудың ішкі тетіктеріне деген сенімін арттырады. Біз ҚТЖ-ның корпоративтік омбудсмені ретінде әлеуметтік диалогты дамыту, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және компанияда тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын боламыз.  – Әңгімеңізге рахмет!  

 

Жаңалықтар
18.03.2026
Алматы айналма желісінің жобасы ХҚК марапатына ие болды
Жолаушылар тасымалы
18.03.2026
Наурыз мейрамы қарсаңында қосымша пойыздар шығады
Жаңалықтар
18.03.2026
Қазақстанда жүк вагондарын тіркеудің жаңа қағидалары күшіне енді
ҚТЖ келбеті
18.03.2026
Сақ аруларының сарқыты
Жаңалықтар
18.03.2026
Көлік министрлігі су тасқыны кезеңіне теміржол инфрақұрылымының дайындығын пысықтады
Әлемде
18.03.2026
Қырғызстан «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол жобасының қатысушыларын ҚҚС-тан босатты
Жаңалықтар
18.03.2026
Қазақстан мен Қытай шекарасында құрғақ порт ашылды
Жүк тасымалы
17.03.2026
Қазақстан Қытайға күнбағыс майын жеткізуді арттырды
Инфрақұрылым
17.03.2026
«Бақты-Аягөз» құрылысы талқыланды
Жүк тасымалы
17.03.2026
Тиімді әріптестік тетігі
Аймақтар
17.03.2026
Қызылорда жол дистанциясында күрделі жөндеу басталды
Әлеумет
17.03.2026
Рамазан – сауап айы
Темір жол тарихы
17.03.2026
Теміржол тарихына саяхат
Жаңалықтар / Мұрағат
17.03.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №20 17 наурыз 2026 жыл
Жолаушылар тасымалы
16.03.2026
ҚТЖ «Нұрлы Жол – Семей» бағытындағы пойызды жаңа вагондармен толықтырды
Жолаушылар тасымалы
16.03.2026
ҚТЖ Шу – Тараз бағыты бойынша қосымша электрпойызын іске қосады
Аймақтар
16.03.2026
Жамбыл қалпына келтіру пойызы жаңа техникамен толықты
Аймақтар
16.03.2026
Амал келді, жыл келді...
Спорт
16.03.2026
Үстел теннисі теміржолшыларға таңсық емес
Жаңалықтар
16.03.2026
Көлік инфрақұрылымының су тасқыны кезеңіне дайындығы талқыланды